​10 ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫ АЗИЯНЫҢ ЕҢ ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТТЕРІ РЕЙТИНГІНЕ ЕНДІ

​10 ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫ АЗИЯНЫҢ ЕҢ ҮЗДІК УНИВЕРСИТЕТТЕРІ РЕЙТИНГІНЕ ЕНДІ

2025 жылғы 4 қарашада QS Quacquarelli Symonds жоғары білім беру саласындағы халықаралық талдау агенттігі QS Asia University Rankings 2026 – Азияның ең үздік университеттері рейтингінің 2026 жылғы тізімін жариялады.

Орталық Азия елдері арасында Қазақстан QS Asia University Rankings рейтингінде қатысу аясын айтарлықтай кеңейтті – 112 университеттің ішінде 44 қазақстандық жоғары оқу орны енді. Салыстыру үшін: Өзбекстаннан – 22 университет (204-тен), Қырғызстаннан – 6 университет (61-ден), Тәжікстаннан 1 университет (27-ден) енген.

Атап өту керек, биыл рейтингке 10 жаңа қазақстандық университет енді:

1. Назарбаев университеті – 201 орын

2. Алматы Менеджмент университеті – 741-750 орындар

3. Мұхамеджан Тынышбаев атындағы ALT университеті – 1001-1100 орындар

4. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті – 1101-1200 орындар

5. Alikhan Bokeikhan University – 1201-1300 орындар

6. Каспий университеті – 1201-1300 орындар

7. Рудный индустриялық институты – 1301-1400 орындар

8. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – 1301-1400 орындар

9. Astana International University – 1401-1500 орындар

10. Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті – 1401-1500 орындар

Қазақстан – Орталық Азия елдері ішінде Азияның ең үздік топ-100 университетіне кірген жалғыз мемлекет: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 38 орын, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 61 орын, Satbayev University – 79 орын.

Қазақстанның рейтингтегі позициясының өсуі академиялық стандарттардың артуымен қатар халықаралық стратегиялық серіктестіктерді дамытуда жүйелі жұмысының нәтижесін көрсетеді. Рейтинг деректері бойынша шетелдік жетекші университеттердің филиалдарын ашу және бірлескен білім беру мен ғылыми жобаларға қатысу елдің жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Қазіргі таңда рейтингке енген 29 қазақстандық ЖОО әлемнің жетекші университеттерімен стратегиялық әріптестік орнатқан, ал 15 жоғары оқу орнында шетелдік университеттердің филиалдары жұмыс істейді.

Интернационализация көрсеткіштері де ерекше назар аударады. QS агенттігінің мәліметінше, Қазақстан халықаралық студенттер мен зерттеушілер үшін аймақтық білім орталығына айналып келеді. Бұл ел университеттерінде шетелдік студенттер мен оқытушылардың үлесінің жоғары болуымен дәлелденеді.

Осылайша, жоғары оқу орындарын стратегиялық серіктестіктер құру арқылы трансформациялау Қазақстанның жаһандық білім кеңістігіне кірігуінің негізіне айналып, жоғары білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетіп отыр.

Айта кетсек, QS агенттігі рейтингті жыл сайын күзде жариялайды. Академиялық кезең күзде басталатындықтан атауда келесі жыл көрсетіледі және рейтинг келесі күнтізбелік жыл бойы өзектілігін сақтайды.