Биыл қазақтың хас ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толды. Дауылпаз ақыны өмірі мен шығармашылығы қанша жыл өтсе де әлі де толық ашылмай келеді. Осы орайда Shymkentaqparat тілшісі ақын жайлы тың деректерді назарларыңызға ұсынады.
Қасым Аманжолов 1911 жылы қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Әке-шешеден жастай жетім қалып, біраз жыл ағасының қолында өседі. Ес білген соң туған ауылында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашады. 1924 жылы Семей қаласындағы интернатта білімін жалғастырады. Қасым онда 1927 жылға дейін тәрбиеленіп, одан әрі үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқиды. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жаза бастаған. 1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде істейді. 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында «Екпінді құрылыс» газетіне қызметке орналасады. Осында жүріп, 1933 жылы Отан алдындағы борышын өтеп, әскерге барып қайтады.
Қасымның арынды ақын ретінде қалыптасуына Орал қаласының тигізген әсері ұшан-теңіз. Осы өңірде жүріп ол ең алғашқы алаулаған махаббат туралы, жалынды жастық жайындағы жырларын дүниеге әкелді. 1935 жылы Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, оның жұмысын іскерлігінің, шығармашылық әлеуетінің арқасында дөңгелетіп әкетті. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Осы кездері ақынның әншілік, артистік қырлары кеңінен танылған болатын.
Ал 1936-1941 жылдары Қасым Аманжолов Алатау баурайындағы ару қала Алматыға барып, сол кездегі бас басылымдар болып саналған «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, Жазушылар Одағында қызмет атқарады. Осында жүріп, яғни 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағын «Өмір сыры» деген атпен жарыққа шығарады.
Ол жас кезінен осылайша ел көзіне түсіп, аға буын өкілдерінің, қатарлас қаламгерлердің ыстық ықыласына бөленеді. Ол туралы Сырбай Мәуленов: «Ақын жасы жылдармен өлшенбейді, елге берген еңбегімен есептеледі. Жас Қасым бүгінде ортаға шығып, өзінің оптимистік пафосқа толы өлмес өлеңін оқып тұр:
Өлуші ме еді ер шіркін!
Сілкінді ол бір дүркін.
Келе жатыр аралап,
Өзі туған ел-жұртын…
Иә, Қасым ел-жұртын аралап келе жатыр… Оның өлеңдері жылдар қанатымен бірге самғап, келешек күндердің кеңістігіне көтеріледі», - деп әділ бағасын беріп кеткен еді.
Қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы әлі де толық зерттелген жоқ.
«Оның тағдырына қатысты кейбір деректер тарихта бұрмаланған», – дейді ақынның туған ауылында тұратын Дәулетқазы Мұқадиұлы. Өлкетанушының қолында бұл сөздерін дәлелдейтін құнды жәдігерлер бар екен.
Қызыл Көшен тауларының етегіндегі мына алқапта Қасым Аманжоловтың әкесі Рақымжанның қыстауы болған. Дәл осы жерде дауылпаз ақын дүние есігін ашыпты. Сол кезде кіндік шешесі Шәрия Садыққызына қазақы салтқа сай таза күмістен жасалған екі білезік пен екі күміс сақина сыйлаған. «Бүгінге жеткен бұл жәдігерлер Рақымжан әулетінің ауқатты тұрғанын тағы да айғақтай түседі», – дейді өлкетанушы Дәулетқазы Мұқадиұлы.
- Рақымжан өзі бай, өзі сері жан болған екен. Ат жүгірткен. Байлығының белгісі Тайжүзген деген сабаға қымыз ашытады екен. Төрт бұрышынан төрт жігіт піседі екен. Тайжүзгендегі саба шамамен 500 литрдей болады ғой. Оны түгел ауыл-аймақ ішпей ме?! Сонда күніне төрт жігіт піскенде, әрқайсысына жібек көйлек пен бір-бір тақта шай береді екен, - дейді өлкетанушы Д. Мұқадиұлы.
Шәрия Садыққызы – Дәулетқазы Мұқадиұлының нағашы әжесі. Әшекей бұйымдар оған анасынан қалыпты. Қасымның өмір дерегін ұзақ жылдан бері зерттеп келе жатқан өлкетанушы: «Ақынның тағдырына қатысты бұрмаланып жазылған тарихты түзететін уақыт жетті», – дейді.
- Текті атаның баласын әманда текті деуіміз керек. Келешекте Қасымның арғы тегін зерттеп жазу қажет. Кешегі кедей, қайыршының баласы дегенді қойған жөн. Қасымның тегін жасырғанымыз әруаққа шет болады,- дейді өлкетанушы.
Енді бұл іспен жуырда ғана Қарағандыда құрылған Қасымтану орталығы айналысады. Ғалымдар мен өлкетанушылар, қаламгерлердің басын біріктіретін ұйым ақынның өмірі мен шығармашылығын жаңа қырынан зерттемекші.
- Бізде ресми өмірбаяны бар. Сонау дүниеге келген 1911 жылдан бастап, оның қиын балалық шағы, өсіп-өркендеу кезі, Семей, Орал, Ленинград қалаларындағы өткен өмірі сияқты бізге белгілі мәліметтер бар. Енді ел аузында осы Қасым Аманжоловтың өскен ортасы, оның айналасы туралы біраз дерек жүр. Осының барлығы зерттеліп, оларға ғылыми тұрғыда баға беріледі, - дейді Қасымтану орталығының жетекшісі Жансая Жарылғапов.
Дәлірек айтсақ, биыл ақынның өмірі мен шығармашылығының библиографиялық көрсеткіші жазылмақ. Сондай-ақ Қасым Аманжоловтың академиялық сөздігі мен тұлғалық энциклапедиясы жарық көрмек.
Тағы бір ақжолтай жаңалық, кейін осы барлық ғылыми жұмыстың негізінде университеттің оқыту бағдарламасына «Қасымтану» курсы енгізілмекші. Осылайша, студенттер ақынның бай мұрасымен сусындайды. «Бұл Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойына үлкен тарту болады», – дейді ғалымдар.