Шымкент қаласында «Балалар жылын» өткізуге байланысты қала әкімімен 7 бағыт бойынша 84 іс-шара жоспарланып, оны жүзеге асыруға 44,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева баяндап, балалар жылын қорытындылады.
Аталмыш жоспар қаладағы білім беру ұйымдарындағы 395 628 баланың сапалы білім алуға құқықтарын іске асыруға, оқу-тәрбие жұмыстарындағы тәрбиелік құрамды күшейтуге, ерекше және ата-анасыз қалған балалардың денсаулығын жақсартуға, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғауға, инфрақұрылымды, балалар өнеркәсібін дамытуға, балалардың қауіпсіз дамуы үшін жағдай жасауына бағытталған.
Бүгінгі таңда осы жоспар аясында атқарылған жұмыстардың негізгілеріне тоқталар болсақ: 41 мектеп, 30 балабақша пайдалануға берілген. 1 «Өнер мектебінің» және 1 «Оқушылар сарайының» құрылысы басталып, 5 мекеме күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар 6 мектепке спорт алаңшалары орнатылып, қаладағы мектептер 100 пайыз типтік үлгідегі спорт алаңшаларымен қамтылған. Биыл мектептерді интерактивті тақталармен қамту үлесі 32 пайыздан 85 пайызға артқан.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептер 100 пайыз бақылау жүйесімен, турникетпен, дабыл батырмасымен және мамандандырылған күзетпен қамтылған. Балалар жылы аясында балалар ауруханасының да материалдық базасы толығымен жаңартылып, қосымша 3 бөлімше, онкогематология, интервенциялық кардиология, нейрохирургия ашылды. Тәрбие, отбасылық және адамгершілік құндылықтар бағытында да көптеген игі іс-шаралар өткізіліп, «Бақытты жанұя» атты 2 отбасын қолдау орталығы ашылып, халық игілігіне жұмыс жасап жатыр.
Сонымен қатар баспасөз мәслихатында қаладағы техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, 2023 жылда атқарылады деген істерімен бөлісті.
Жанат Арысбекқызының айтуынша 2023 жылы мектеп бітірушілерді тегін техникалық және кәсіптік білім берумен 100 пайыз қамту, колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп оқытудың ұзақтығын қысқартып, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, бітіруші 3 кәсіп меңгеріп шығу, студенттердің шәкіртақысын көбейту, жатақханалар салу, тегін тамақтандыру сияқты жопарлар іске асады екен.
Брифинг соңында жаңа жылдық іс-шараларды өткізу, балалардың қысқы демалысын ұйымдастыру мәселесі де айтылды.
– Жаңа жылдық шырша іс-шарасы оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады. Мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінде жаңа жылдық шырша қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, білім мекемесінің қабырғасында өткізіледі. Ата-аналардан түрлі мақсатта ақша жинауға, пиротехникалық құралдар пайдалануға, аниматорлар шақыруға, кафе, ойын-сауық орталықтарында іс-шара өткізуге тиым салынады, - деді Жанат Тәжиева.
Балалар жылы қарсаңында дәстүрлі президент шыршасына қаламыздағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан, сонымен қоса спортта, шығармашылықта, қоғамдық жұмыстарда түрлі жетістікке жеткен 300 бала қатысады деп жоспарланып отыр.