​АБАЙ АУДАНЫНДА ТАБИҒИ ГАЗ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛГЕН

​АБАЙ АУДАНЫНДА ТАБИҒИ ГАЗ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛГЕН

АБАЙ АУДАНЫНДА ТАБИҒИ ГАЗ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛГЕН

«Аудан аумағында көгаландыру және абаттандыру жұмыстарының үлесін арттыру мақсатында 5 жерге әмебебап демалыс орындарын салу жоспарланды» дейді бүгінгі өткен брифингте Абай ауданының әкімі Шәкір Сұлтанхан. Сондай-ақ, ауданның 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және 2025 жылға жоспарланған жобалар туралы баяндама жасап, ауданның негізгі жетістіктері мен алдағы жоспарлары талқыланды.

Абай ауданында 257,7 мың халық тұрады. Ауданның инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз етілу деңгейі жоғары, ауыз су және электр жарығымен қамту – 100 пайыз. Табиғи газбен қамту – 92,6 пайыз. Өткен жылы 2 елді мекенде, атап айтқанда Қайнарбұлақ тұрғын алабы және Қайнарбұлақ саяжайын табиғи газбен қамту бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.

– Тәуелсіздікке-20 жыл тұрғын алабында табиғи газбен қамту жұмыстарының құрылысы аяқталып қалды. 2025 жылдың ақпан айында Ынтымақ-2 және Тәуелсіздікке-20 жыл тұрғын алаптары газбен қамтамасыз етіледі деп жоспарланды. Ауданда 1080 шақырымды құрайтын жалпы 1274 көше бар. Оның 646 шақырымы асфальт жол. Тас жолдар 377 шақырымды құраса, 57 шақырымы топырақ жолдар. Биыл 61 көшеге 53 шақырым асфальт төсеу, 34 мың шаршы метр 50 көшеге аяқ жол салу, 20 шақырымға 35 көшеге шағал тас төсеу және 10 мың шаршы метрге 40 көшеде ойылған, шұңқырларды жамау жұмыстары да жоспарда бар, – дейді Шәкір Асылханұлы.

2024 жылы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан бойынша жарықтандырылған көшелер саны 254-ке артты, нәтижесінде 447 көше жарықтандырылды.

Абай ауданының даму жоспары тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып, әлеуметтік, экономикалық, инфрақұрылымдық салалардағы оң өзгерістерді қамтамасыз етуге негізделген. 2023-2024 жылдары аудан тұрғындарынан 419 мәселе түскен, оның 219-ы шешіліп, 200-і 2025 жылға жоспарға енгізілген. Негізгі мәселелер жол, инфрақұрылым, көгалдандыру және әлеуметтік көмек салаларына қатысты. Аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету мақсатында 1000-нан астам отбасыға азық-түлік және қажетті заттар таратылған. 257,7 мың халқы бар ауданда 29 мектеп бар. Дегенмен мектеп тапшылығы ауданда сезіледі. Мектеп жетіспейтін елді мекендерге «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 4 жаңа мектептің құрылысы басталып, екі мектеп пайдалануға берілді. 2025 жылы тағы 3 мектептің құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар, 2024 жылы екі мәдениет үйі ашылып, Көкбұлақ және Қайнарбұлақ тұрғын алаптары халқын қуантуда.