Абай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен және аудандық прокуратура, полиция департаменті, дағдарыс орталығы мен аудандық отбасы және демографиялық саясат комиссиясы мүшелерінің бірлесе қатысуымен «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтіп жатыр.
Жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында елімізде кең көлемде аталып өтетін бұл науқанның екінші күнінде қала бойынша флешмоб ұйымдастырылды. Аудан аумағында өткен шарада Абай ауданына қарасты Шымсити, Ақжайық, Асар, Бозарық, Көкбұлақ және Шұғыла елді мекендерінің жасөспірімдері белсенді қатысты.
Акцияның басты мақсаты – мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күшін біріктіре отырып, ана мен баланы қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, осы бағытта жүргізіліп жатқан шаралар туралы халықты кеңінен хабардар ету. Сонымен қатар, қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алып, отбасылық құндылықтарды нығайту, құқықтық тәрбиені күшейту де маңызды міндеттердің қатарында.
Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбандары көп жағдайда моральдық қысым мен қоғамдық көзқарастан қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан қашқақтайды. Осыған орай акция барысында тұрғындармен кездесу өткізіліп, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептері жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Дәл осындай профилактикалық шаралар акция кезеңімен шектелмей, жыл бойы өтеді. Мамандар алдағы уақытта қылмыстық әрекеттердің алдын алу, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуге ниетті. Бұл шараларда әйелдер мен балаларды қорғау мәселесіне, сондай-ақ жастар арасында зорлықсыз мінез-құлық мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
«Шымкент келбеті»