​АЭС САЛУДЫҢ МАҢЫЗЫН ТҮСІНДІРДІ

​АЭС САЛУДЫҢ МАҢЫЗЫН ТҮСІНДІРДІ

6 қазанда өтетін республикалық референдумның маңызын азаматтарға түсіндіру бойынша Достық үйінде «дөңгелек үстел» мәжілісі жиын өтті. Іс-шараға қалалық мәслихат депутаттары және қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі, «Ассамблея жастары» қоғамдық құрылымдардың мүшелері мен белсенді этнос жастары қатысты.

Жиында АЭС салудың қажеттілігі, жалпыұлттық референдумге қатысудың маңызы жан-жақты талқыға түсті. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚМПУ профессоры Халима Сартаева АЭС салудың ғылыми аспектілеріне тоқталып өтті.

– Еліміз уран өндіруден және оның қорынан әлемде алдыңғы елдердің қатарында. Біз осындай мүмкіндіктерімізді пайдаланып, жаңа өндіріске көшуді ойластыруымыз қажет. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде атом электр станциялары жұмыс істеп тұр. Атом энергетикасы бір орында тұрған жоқ. Даму кезеңдерін өткізуде. Оның қауіпсіздігі, экологияға зиянсыздығы тақырыптарында зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан бізге тәуекел етіп, жаңа өндіріске көшу міндеті тұр. Біз үлкен таңдаудың алдында тұрмыз. Энергетика саласы одан әрі дамуы үшін бізге АЭС салудың маңызы зор, – деді ОҚМПУ профессоры.

Сондай-ақ, жиында қалалық мәслихат депутаты Талғат Балтабаев, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Тахирбек Нышанбаев күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша ой-пікірлерін айтты. Мәслихат депутаты АЭС құрылысының маңызын, болашақ ұрпаққа қажет екенін халыққа түсіндірсе, көпшілік оны қолдайтынын атап өтті.

Спикерлер жалпыұлттық референдум барша отандастарымызды біріктіретінін және әрбір азамат өз таңдауын жасайтынын айтып, саяси науқанға бірауыздан қатысуға шақырды.

«Шымкент келбеті»