Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бүгін Айкөл тұрғын алабындағы ауызсу жүйесінің іске қосылу рәсіміне қатысты. Бұған дейін әкіммен болған кездесуде тұрғындар сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің маңызды екенін атап өтіп, нәтижесінде осы жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылданған болатын.
Жоба аясында 14,7 шақырым су құбыры жүргізілді. Енді жеке үйлер мен әлеуметтік нысандар – жалпы 38 нысан толық ауызсумен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қала әкімі демеушілерге және мердігер ұйымға жұмысты уақытында және сапалы аяқтағаны үшін алғысын білдірді. Әкімдіктің, кәсіпкерлердің және аудан тұрғындарының бірлескен жұмысының нәтижесінде жоба қысқа мерзімде іске қосылып отыр.
Өз кезегінде тұрғындар да қала әкіміне алғыстарын жеткізіп, енді табиғиз газбен қамту бойынша өтініштерін айтты.
Айкөл тұрғын алабында су жүйесінің іске қосылуы – тұрғындармен ашық диалогтың және өмір сапасын жақсартуға бағытталған жедел шаралардың нәтижесі. Алдағы уақытта қаладағы коммуналды инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасып, тұрғындарға барлық қажет жағдай жасала бермек.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, шаһарда ауыз сумен қамту көрсеткіші 99,5 пайызға жетті. Айта кетсек, биыл Текесу, Қызылжар-2, Айкөл елді мекендері ауыз сумен қамтылып отыр.
«Шымкент келбеті»