​Антигонаның рухы – Шымкент сахнасында

​Антигонаның рухы – Шымкент сахнасында

Шымкент жастар театрының жаңа маусымындағы есте қаларлық кеш өнер сүйер қауымды бір арнаға тоғыстырды. Театр сахнасында әлемдік драматургияның жауһары – француз жазушысы Жан Ануйдың «Антигона» трагедиясы тұңғыш рет сахналанып, көпшілікке ұсынылды. Бұл — театр репертуарындағы алғашқы еуропалық классика, сол себепті премьера алдындағы толқудың да салмағы ерекше еді.

Қойылым басталған алғашқы минуттардан-ақ көрерменді заманауи шешімдер, жарық пен музыканың үйлесімділігі баурап әкетті. Режиссер Қуандық Қасымов трагедияны жаңа көзқараспен ұсынып, ежелгі мифтің астарына бүгінгі күннің мазмұнын сәтті енгізе алған. Ал қоюшы суретші Қалтөре Жұмақұлов сахналық кеңістікті минималистік әрі мәнерлі тәсілмен құра отырып, оқиғаның драмалық екпінін тереңдете түскенін көрсек, спектакльдің көркемдік жетекшісі Мөлдір Айдарқызының жұмысы да көркемдік тұтастықты берді.

Басты рөлдерде ойнаған жас актерлердің шеберлігі көрермен назарын бірден өзіне тартып, трагедияның рухын айқын жеткізді. Әсіресе Антигонаның жан айқайындағы шынайылық пен қайсарлық, оның әділет жолындағы күресі залды үнсіз тыныштыққа бөлеп, әр көрерменді өзімен іштей сөйлестіргендей болды.

Әрбір сахналық пластика, жарық ауысымы, музыкалық үн – бәрі бір мақсатқа қызмет етті. Адам еркіндігі мен ар-ождан таңдауы. «Антигона» қай дәуірде де маңызын жоймайтын этикалық сауалдарды қайта алдыға тартқандай.

Премьера соңында зал ду қол шапалаққа толып, актерлерге деген ыстық ықылас ұзаққа созылды. Көрермен спектакльді руханилыққа бастайтын, адамдық құндылықтарды қайта ой елегінен өткізуге шақыратын әсерлі қойылым деп бағалады.

Бұл кеш Шымкенттің өнер сүйер, театр сүйер қауымының есінде қалды. Театр ұжымының кәсіби ізденісі мен шығармашылық үйлесімі жастар театрының жаңа белеске шыққанын тағы бір көрсетті.

“Шымкент келбеті”