​АПВ-ҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНА - ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҮШІН МАҢЫЗДЫ

​АПВ-ҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНА - ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҮШІН МАҢЫЗДЫ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Еуропалық Одақ делегациясының қолдауымен Шымкент қаласында «Өзгерістер жолында: жатыр мойны қатерлі ісігін жою мақсатында АПВ-ға қарсы вакцинация саласындағы әйелдер көшбасшылығының маңыздылығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу, оның ішінде АПВ-ға қарсы вакцинацияны көпшілікке маңыздылығын түсіндіру мақсатында болған жиынға ҚР ДСМ өкілдері, Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты мекеме директорлары мен қоғам қайраткерлері, гинекологтар, онкогинекологтар және журналистер қатысты.

Қазақстанның Ұлттық иммундау бағдарламасына сәйкес адам папилломавирусына қарсы вакцинация 2024 жылы енгізілді. Вакцинаның алғашқы дозасы қыркүйек айынан бастап, 11 жастағы қыздарға салынбақ. Бұл туралы конференция барысында мамандар айтты.

- АПВ-ға қарсы жоспарлы вакцинация әлемнің 135 елінде, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдерінде қолданылады. Жатыр мойнының алдын-ала қатерлі зақымдануларын азайтудағы вакцинацияның жоғары тиімділігі АҚШ, Австралия, Канада, Дания, Ирландия, Швеция, Финляндия, Жаңа Зеландия, Шотландия және басқа да елдерде көрсетілді. Шымкент қаласында биылғы жылдың күз айларында 13 мыңға жуық 11 жастағы қыздарға вакцина салу жоспарлануда,-дейді 1 қалалық емханасының бас дәрігерінің орынбасары Дариға Казакбаева.

Қазақстанда жатыр мойнының қатерлі ісігі әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар арасында екінші орында тұр. Жыл сайын бұл аурудың шамамен 1900 жаңа жағдайы тіркеледі. Ал, 600 әйел осы аурудан қайтыс болады. Адам папилломавирусы (АПВ) жатыр мойнының қатерлі ісігінің негізгі себебі болып табылады. Оны тек АПВ-ға қарсы вакцинация арқылы алдын алуға болады,-дейді мамандар.

Шымкент келбеті