Шымкентте биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоральді ұрықтандыруға 2021 жылы — 403, 2022 жылы 413 квота бөлінсе, биыл сәбилі болуды аңсаған жандар үшін мүмкіндік көлемі артып, 429 квота қаралып отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылы Қазақстан халқына Жолдауында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастап, экстракорпоралды ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтуді тапсырған болатын.
Шымкентте өткен жылы экстракорпоральді ұрықтандыру бағдарламасымен жүктілік бойынша есепке алынғандардың көрсеткіші 45 пайызға жеткен.
— Шымкент қаласы бойынша 2022 жылдың басында 538 келіншек бедеулік диагнозымен диспансерлік есепке алынған. Оның 293-і әйелдің бедеулігі, ал 271-і ер азаматтың белсіздігі диагнозы бойынша тіркелген. Алайда, өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында тегін экстракорпоральді ұрықтандыруға 413 орын қаралып, бағдарламаға қатысқандардың ішінен 185 келіншек жүктілік бойынша есепке алынды. Нәтиже 45 пайызды құрады. Бұл ЭКҰ-да өте жоғары көрсеткіш. Себебі, әйелдердің жасына, денсаулығына қарай нәтиже өте төмен болатын кезеңдер де болады. Өткен жылдың қорытындысы бізді қуантып отыр. Сонымен қатар, 62 келіншек бағдарлама аясында ем-шараларын жалғастырып жатыр. Өткен жылдың соңына дейін 33 сәби дүние есігін ашып үлгерді. Бұл көрсеткіш әлі де өсе бермек, - дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі, қаланың штаттан тыс репродуктологы Г.Рысқұлбекова.
ЭКҰ-ға жіберу туралы шешімді Шымкент қалалық денсаулық басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Ал, ем-шара жүргізілетін репродуктивтік медицина орталығын әйелдің өзі таңдайды.
Айта кетейік, «Аңсаған сәби» бағдарламасына жолдама жылына бір мәрте ғана беріледі.