Бүгін Шымкент қаласында «Қазақстан-Ауған бизнес форумы» аясында Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің қатысуымен Ауғанстан тауарлары көрмесінің ресми ашылу рәсімі өтті.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген министр өз сөзінде форум қатысушыларына ізгі тілегін жеткізді.
«Ауғанстанның жоғары басшылығына біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумына Үкімет пен бизнес өкілдерінің қатысуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Ауған халқына бейбітшілік пен өркендеу тілеймін. Ауғанстанның дәстүрлі өнімдері ұсынылған көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырғандарыңыз үшін ерекше алғыс білдіремін. Көрмеде кондитерлік өнімдер, шырындар, алкогольсіз сусындар, көкөніс пен жеміс-жидектер, асыл тастар, зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, былғары және кілем өнімдері, құрылыс материалдары және басқа да тауарлар ұсынылған», деді ол.
Биыл көрменің ауқымы айтарлықтай кеңейіп отыр. Шымкент қаласына ауған бизнес қауымдастығының шамамен 180 өкілі келді. Бұл екі ел кәсіпкерлерінің сауда байланыстарын дамыту мен өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азия өңіріндегі маңызды әрі ажырамас серіктес ретінде қарастырады. Әлемдік экономикалық дағдарыстарға қарамастан Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатыр. Сондай-ақ еліміз өз өнімдерін ауған нарығына ілгерілетіп қана қоймай, ауған тауарларының біздің нарыққа шығуына да қолдау көрсетіп келеді екен. Осылай деген министр мұның айқын дәлелі Шымкент қаласында төрт күн бойы өтетін осы көрме. «Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды сақтау мен одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақстан Ауғанстанды тұрақты және гүлденген, көршілес елдермен бейбіт қатынаста болатын мемлекет ретінде көргісі келеді. Көрмеде сіздерге сәттілік пен жемісті жұмыс тілеймін», деді министр.
Көрменің басты мақсаты екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейтіп, қос мемлекеттің кәсіпкерлері арасындағы әріптестік қатынастарды дамытуға негізделген. Биыл форумның географиясы мен қатысушылар құрамы айтарлықтай ұлғайған. Көрмеде Ауғанстанның дәстүрлі тағамдары мен қолөнер бұйымдары ғана емес, заманауи өндіріс өнімдері де ұсынылды. Бұл өз кезегінде Ауғанстанның экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын айғақтайды.
Бұл шаһар еліміздің үшінші мегаполисі әрі Оңтүстік өңірдің іскерлік орталығы ретінде халықаралық деңгейдегі кездесулер мен экономикалық форумдарды тұрақты түрде қабылдап келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан-Ауған бизнес форумы мен көрме екі ел арасындағы өзара сенім мен серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашпақ.
Көрменің ресми ашылу рәсімінен кейін Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Индустрия және сауда министрі Нурридин Азизи сөз алып, екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан Үкіметіне және көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырған Шымкент қаласының әкімдігіне ризашылығын білдірді.
Муриддин Азизи мырза өз сөзінде Ауғанстанда өндірілетін табиғи және экологиялық таза өнімдерге қызығушылықтың артып келе жатқанын айтып, Шымкентте ұйымдастырылған көрменің екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі кеңейтуге серпін береріне сенім білдірді.
«Қазақстан мен Ауғанстан ежелден достық пен өзара сыйластыққа негізделген мемлекеттер. Бұл көрме тек сауда алаңы ғана емес, екі елдің рухани және мәдени байланыстарын тереңдете түсетін маңызды платформа. Ауған кәсіпкерлері өздерінің сапалы әрі дәстүрлі өнімдерін Қазақстан нарығына ұсынуға дайын. Біз Қазақстанмен әріптестік қатынастарды барынша дамытамыз», деді ол.
Сондай-ақ іс-шара барысында екі елдің кәсіпкерлері, іскер топтар мен сауда палаталарының өкілдері өзара ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты. Көрме аясында тараптар азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобалар мен инвестициялық бастамаларды талқылады.
Көрмеге қатысқан Ауған бизнес қауымдастығының өкілдері Қазақстан нарығына өз өнімдерін ұсыну мүмкіндігі үшін алғыстарын білдіріп, келешекте бірлескен өндіріс алаңдарын ашу, экспорттық бағыттарды кеңейту және өзара сауда айналымын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Іс-шара соңында қатысушылар көрме павильондарын аралап, Ауғанстанның қолөнер бұйымдары мен дәстүрлі өнімдерімен танысты.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»