АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ЖҮЙЕ: ШЫҚҚАН ТҮТІН БАҚЫЛАУДА

АВТОМАТТАНДЫРЫЛҒАН ЖҮЙЕ: ШЫҚҚАН ТҮТІН БАҚЫЛАУДА

Шымкент – өндірісі қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Өндіріс көлемінің өсуі қала экологиясына түсетін жүктемені де ұлғайтты. Бұрын кәсіпорындар шығарындыларын өздері есептеп, қағаз жүзінде ұсынып келгендіктен, нақты бақылау мүмкіндігі шектеулі болды. Ал ауа сапасына қатысты тұрғындар шағымы, түтін, шаң, жағымсыз иіс, жылдан жылға азаймай келді. Соңғы жылдары бұл жүйе түбегейлі өзгерді десек болады. Қазақстан Экология және табиғи ресурстар министрлігі енгізген Автоматтандырылған жүйе мониторингі (АСМ) Шымкенттегі ірі өндіріс нысандарында толық жұмыс істей бастады. Бұл – зиянды заттардың ауаға таралуын тәулік бойы өлшеп, деректерді тікелей министрлікке жөнелтетін ең заманауи бақылау тетігі.

АСМ кәсіпорындардың құбырларына орнатылған датчиктер арқылы күкірт диоксиді, азот оксидтері, көміртек оксиді, қатты бөлшектер (PM2.5, PM10) және өзге де ластаушы заттардың нақты көлемін үздіксіз өлшейді. Сонымен бірге температура, қысым, газдың жылдамдығы және шығарындылар көлемі секілді техникалық параметрлер тіркеледі. Барлық көрсеткіш ешқандай түзетусіз, адам араласуынсыз ҚР Экология министрлігінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Нормадан асып кеткен кез келген жағдай дереу белгі береді.

ҚР Экологиялық кодексінің 184-бабы 2-тармағына сәйкес, I санаттағы өнеркәсіп орындары шығарындылардың негізгі көздеріне АСМ орнатуға міндеттелген. Шымкентте бұл талапқа төрт кәсіпорын жатады екен. «Шымкентцемент», «Стандартцемент», «3-Энергоорталық» АҚ және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс». 2025 жылы аталған кәсіпорындардың барлығы АСМ жүйесіне толық қосылып, деректер nbdecology.gov.kz платформасына тұрақты түрде жіберіліп отыр.

Шымкент қаласы бойынша Экология департаменті осы мәселеге орай «Шымкентцемент» ЖШС базасында пресс-тур ұйымдастырды. Журналистер, экология мамандары және сарапшылар АСМ-нің нақты жұмысымен танысып, бақылау орталығындағы деректерді талдады.

Жүйенің жұмыс принципі, шығарындыларды бақылаудағы технологиялық жаңалықтар және автоматтандырылған мониторингтің қала экологиясын жақсартудағы рөлі туралы ақпарат ұсынылды. Департамент мамандары АСМ деректерін ешкім өзгерте алмайтынын, бұл экологиялық бақылаудың ашықтығын қамтамасыз ететінін атап өтті.

– Мекемеде жылына 500 және одан да көп тонна шығарынды шығарған жағдайда орнатылады. Сондай-ақ электр қуаты 50 мегаватт не одан жоғары газды қоспа шығаратын кәсіпорындар, сондай-ақ, отынмен жұмыс істейтін станциялар мен жылу қуаты 100 гигакаллорийден және одан жоғары қазандықтар үшін бұл құрылғы орнатылуы тиіс. Ал, газбен жұмыс істейтін энергия қуатын өндіретін өндірістер 500 мегаватт, қазандықтар 1200 гигакаллорий көрсеткішіне жетсе немесе одан асып кетсе, автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылуы тиіс. Бекетілген норматив бойынша, автоматтандырылған мониторинг жүйесі азот, көміртек оксидтері мен күкірт диоксидін, шаң сияқты ауаны ластаушы заттардың көрсеткішін мониторинг арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Қалада орналасқан 4 кәсіпорынның атмосфераға шығаратын зиянды қалдықтарының көрсеткіші бойынша құрылғыны орнату талаптарына сәйкес келіп, қазір сол 4 кәсіпорында мониторинг жүйесі істеп тұр, – дейді Шымкент қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Дүйсен Құлтілеуов.

Шымкенттегі экологиялық жағдайға жүргізілген зерттеу АСМ енгізілгеннен кейін айтарлықтай оң өзгерістер байқалғанын көрсетті. Халықтың шағымы да азайған. Кәсіпорындар бұрынғыдай қағаз жүзіндегі есеппен шектелмей, нақты уақыттағы көрсеткішпен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл халық денсаулығы үшін аса маңызды шешім. Өйткені PM2.5 және SO₂ секілді бөлшектер тыныс алу жүйесіне тікелей әсер ететін ең қауіпті ластаушылардың қатарына жатады. АСМ – жай ғана технология емес, экологиялық бақылаудың жаңа деңгейі. Ол кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтіп, өндірістегі тәртіпті нақты деректер арқылы реттеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы – бұл жүйе қала тұрғындарының денсаулығын қорғауға бағытталған. Шымкенттегі барлық ірі кәсіпорындардың автоматтандырылған мониторингке қосылуы мегаполистің экологиясын жақсартуға жасалған маңызды әрі жүйелі қадам.

Айта кетейік, Шымкентцементтің өнімдері Қазақстанның түрлі аймақтарындағы ірі құрылыс нысандарында – тұрғын үй жобалары, жол құрылысы, өнеркәсіптік кешендер мен мемлекет қаржыландыратын инфрақұрылымдық жобаларда кеңінен қолданылады. 1958 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Шымкентцемент – Оңтүстік өңіріндегі ең ірі әрі ең көне цемент кәсіпорындарының бірі. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты шамамен 1,3 миллион тонна цементті құрайды. 2016 жылы кәсіпорын әлемдік құрылыс материалдары нарығында беделді HeidelbergCement тобының құрамына қосылып, өндіріс технологиясы халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді. Құрғақ әдіс өндіріс барысында отын шығынын 30 пайызға дейін азайтып, атмосфераға тарайтын шаң мен газдың мөлшерін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл қала экологиясын жақсартуға тікелей үлес қосып отыр.

– Шымкентцемент – Шымкент қаласында автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесін (АСМ) толық енгізген алғашқы кәсіпорындардың бірі. Құбырларға орнатылған датчиктер зиянды заттардың нақты көлемін 24/7 өлшеп, деректерді бірден Экология министрлігіне жолдайды. АСМ жүйесі орнатылғаннан кейін кәсіпорын өндірістік тәртіпті күшейтіп, сүзгі жүйелерін жаңартты. Осыған байланысты соңғы екі жылда зауытқа қатысты экологиялық шағымдар азайды, – дейді мекеменің Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жетекші маманы.

Жаңа экологиялық саясат нақты қадамдармен іске асырылып отыр. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап I санаттағы кәсіпорындардың автоматтандырылған эмиссияларды бақылау жүйесін (АБЖ) орнату міндеттеліп, қазір 91 кәсіпорынның 77-сіне, яғни, 85 пайызына АБЖ енгізіліпті. Олардың 71-і Ұлттық деректер банкіне қосылып, деректер нақты уақыт режимінде жіберіледі екен. Бұл жүйе кәсіпорындардың шығарындыларын жедел бақылауға, нормадан асып кеткен кездерді тіркеуге және экологиялық ақпараттың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. 2024 жылдан бастап Экология министрлігі талаптарды бұзған кәсіпорындарға қатаң шара қолданып жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, 36 кәсіпорынға 17,3 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған және заңсыздықтарды жою бойынша нұсқама берілген. Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінде АБЖ арқылы автоматты жауапқа тарту мүмкіндігін қарастыратын заңға түзетулер ұсынылған, бұл адам факторын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендетуге бағытталған.

Осы өзгерістер кәсіпорындардың жауапкершілігін күшейтіп қана қоймай, қоршаған орта сапасын жақсартуға және тұрғындардың денсаулығын қорғауға нақты үлес қосады. Ұлттық деректер банкі мен АБЖ енгізу еліміздің экологиялық жағдайын жақсартып, бақылаудың ашықтығын арттыратын, заманауи және тиімді шешім.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА