Шымкент қаласында 28 маусым – Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күніне орай 19-26 маусым аралығында БАҚ өкілдері арасында Спартакиада өтіп жатыр, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Спорттық шара Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай, Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар шағын футболдан, волейболдан, арқан тартудан, шахматтан, боулингтен, бильярд және үстел теннисінен сайысқа түседі. Жарыстың алғашқы жеңімпаздары да анықталған.
Спартакиада жалауы көтерілген күні спорттың шағын футбол түрінен барлығы 6 команда қатысып, тартысты ойын болды. Нәтижесінде жүлделі 1-орын "Ernur-press" ЖШС, 2-орын "Үшінші мегаполис", 3-орын "Собкор" ЖШС (Отырар ТВ) иеленді. Бұдан өзге үздік қақпашы, үздік шабуылшы, үздік қорғаушы номинациялары белгілі болды. Дәстүрлі спартакиаданың екінші күні журналистер қауымы арқан тартысты. Спорттың бұл түрінен 6 команда қатысты. Нәтижесінде 1-орын "Ontustik" телеарнасы, 2-орын "Ernur-press" корпорациясы, 3-орын "Рейтинг-Собкор" командалары иеленді. Волейболдан өткен жарыста да 6 команда бақ сынасты. Нәтижесінде 1-орын "Ontustik" телеарнасы, 2-орын "Ernur-press" корпорациясы, 3-орын "Ақпараттық коммуникация орталығының" АКО командасының үлесіне тиді.
Спартакиада ойындарының қорытындысы жалпы командалық есеппен ұпай саны бойынша анықталып, арнайы дипломдармен 26 маусым күні салтанатты жабылу рәсімінде марапатталатын болады.