AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Спорт арқылы бала тәрбиесі: тәртіп, жігер, құрмет» және «Бала гигиенасы – денсаулық кепілі» тақырыптарында тағылымды кездесу өтті.
Іс-шараның мақсаты – спорт арқылы балаларды тәртіпке, төзімділікке және өзіне сенімді болуға баулу жолдарын талқылау, сондай-ақ бала денсаулығын сақтау мен жеке гигиеналық дағдыларды қалыптастырудың маңызын түсіндіру болды. Кездесуге партияның Әйелдер қанатының төрайымы Наргиза Керімбаева, Қазақстан гимнастика федерациясының президенті, қалалық мәслихат депутаты Әлия Юсупова, дәрігер және бала гигиенасы жөніндегі сарапшы Дария Төкқұлыева, сондай-ақ білім беру мен медицина саласының өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Наргиза Керімбаева спорттың бала тәрбиесіндегі рөлін ерекше атап өтті.
– Бала бойындағы тәртіп пен төзімділік – ертеңгі азаматтық ұстанымның бастауы. Спорт – тек дене шынықтыру емес, ол – ерік-жігер мен мінездің мектебі. Сондықтан әрбір ата-ана осыған ерекше мән беруі керек деп ойлаймын», - деді ол.
Өз сөзінде гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова спорттың бала психологиясына және тұлғалық дамуына ықпалын айтты.
– Бала спортпен айналысқанда, ол өзін жеңуге, мақсат қоюға және нәтижеге жетуге үйренеді. Бұл – өмір бойы серік болатын қасиеттер. Әр ата-ана өз баласының бойында спортқа деген қызығушылықты ерте жастан қалыптастыруы тиіс. Денесі мен ойы шыныққан бала – қоғамның сенімді тірегі бола алады. Қазіргі кезде жас ата-аналар бұл қағиданы ұстанады. Дәл осы қоғамдағы оң өзгеріс, сала маманы ретінде қуантады, - деді Әлия Юсупова.
Ал дәрігер Дария Төкқұлыева бала гигиенасы мен аурулардың алдын алу тақырыбында ой бөлісті.
– Бала денсаулығының негізі – тазалық пен дұрыс дағдыда. Қарапайым қол жуу, тіс тазалау, дұрыс тамақтану сияқты әрекеттер көптеген аурудың алдын алады. Денсаулық – ең үлкен құндылық, сондықтан оны сақтау мәдениетін балаға кішкентайынан үйретуіміз қажет», – деді маман.
Кездесу соңында ата-аналар мен педагогтар өзара тәжірибе алмасып, балалардың физикалық және психологиялық дамуына қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар спорт пен денсаулық тәрбиесінің ұлт болашағы үшін маңызын тағы бір мәрте айқындады.
«Шымкент келбеті»