Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі «Туған елің – Қазақстанды жақсы білесің бе?» атты республикалық балалар оқулары байқауының қалалық іріктеуінен өткен Саттар Ерубаев атындағы 24 ІТ мектеп-лицейінің оқушыларымен және ұстаздарымен кездесті. Аталмыш сайыстың ІІ - кезеңінде жеңімпаз атанған оқушыларға "Шұғыла" баспасының кітаптарын тапсырды.
№24 ІТ мектеп-лицейінің 5-6 сынып оқушылары Төлен Саян, Нұрдәулет Кәусар, Кожаш Айгерім, Есенбек Нұрай және Алмаханбет Ақбота жарысқа қатысып, өңіраралық жарысқа жолдама ұтып алған болатын.
Айта кетейік, балалар оқулары байқауына қаладағы 4 аудан бойынша 344 оқушы қатысқан болатын.
«Туған елің - Қазақстанды жақсы білесің бе?» республикалық балалар оқулары байқауы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғырту кезеңіне көшіру бойынша Жол картасын іске асыру аясында өткізіледі.
Байқаудың мақсаты - балалардың кітап оқуға деген құштарлығын қалыптастыру, еліміздің тарихы, географиясы, астрономиясы және мәдени дәстүрлерімен таныстыру, сонымен қатар жас ұрпақ бойында еліне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру және «Рухани жағыру» бағдарламасының идеяларын сіңіру.
Байқау шарты бойынша оқушыларға алдын ала "Сиқырлы жұлдызша", "Атамекен сиқырлы елінің аңыздары" , "Сиқырлы қазғыш - таяқша" , "Қазақстан еліне сиқырлы саяхат" кітаптары оқуға берілген. Байқау барысында осы оқыған кітаптар мазмұны бойынша ашық сұрақтарға жауап беру керек.
Үшінші кезең аймақтық қағидаттар бойынша командалар арасында өткізіледі:
- Батыс (Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары);
- Оңтүстік (Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары);
- Солтүстік (Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары);
- Шығыс (Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары);
- Республикалық маңызы бар қалалар (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары).
Жеңімпаз атанған оқушылар желтоқсан айында республикада бақ сынасады. Ал өңіраралық сайыс онлайн режимде 26 қарашада өтеді.