​«БАЛАНЫҢ БАҚЫТТЫ МЕКЕНІ – ОТБАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

​«БАЛАНЫҢ БАҚЫТТЫ МЕКЕНІ – ОТБАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Қаламыздағы Ұлттық бала асырап алу агенттігінің ұйымдастыруымен «Баланың бақытты мекені – Отбасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанда Кәсіби қабылдаушы отбасы институтын енгізу туралы ақпарат беріп, оқырмандармен пікір алмасу. Қазіргі таңда заң жобасы Мәжілістің жұмыс тобында қарастырылуда.

Шараға жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру саласындағы алдағы жаңалықтарды талқылау мақсатында Білім, Денсаулық сақтау, әлеуметтік жұмыспен қамту басқармаларының, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері және педагог мамандары мен тілшілер қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар белсенділік танытып, кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын әр қырынан қарастырды. Отбасыларға төленетін ақы, ата-ананың жұмысы мен пайда болуы мүмкін мәселелерін талқылады. Кәсіби қабылдаушы отбасыларды сүйемелдеу мен баланың құқығы қызу талқыланып, «кәсіби қабылдаушы отбасындағы бала кімнің бақылауында болады?», «Олардың құқықтарының сақталуын кім тексереді?» - деген сауалдар қарастырылды.

«Ұлттық бала асырап алу агенттігі» жобасының басшысы Рахметова Фарида әлеуметтік қызметкерлер мен қорғаншылық органдары қызметкерлерінің санын ұлғайту балалардың құқықтарының сақталуын бақылауды жақсартуға, өтініштерге жедел ден қоюға, асырап алушы отбасыларға қажетті көмек пен қолдау көрсетуге мүмкіндік беретінін айтты.

Іс-шараның нәтижесінде мемлекеттік органдарға Кәсіби қабылдаушы отбасы институтының маңыздылығымен мәні егжей-тегжейлі баяндалды.

“Шымкент келбеті” газеті