Ақпараттық-коммуникациялық орталықта Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов және қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Ғ.Өтенбаев көппәтерлі тұрғын үйлерде кондоминиум объектілерін басқарудың жаңа реформасы мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе жай серіктестікті (ЖС) енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
– Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында жаңа реформа іске асырылуда. Ол негізінен «Бір үй –бір бірлестік-бір есепшот» қағидасы бойынша тұрғын үйдің басқару жүйесін реттеуге бағытталған. Реформаның басты артықшылығы кондоминиум нысандарын басқару органына меншік иелерінің тарапынан бақылауды қамтамасыз ету, басқару органдарының қызметінің ашықтығын арттыру, ортақ мүлікке күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетігін енгізу, - деді Мақсұт Пернебайұлы.
Басқарма басшысы Ғалымжан Әмірбекұлы бүгінгі таңда Шымкент қаласында 2236 көпқабатты тұрғын үй бар екенін, оның 1823-і басқару нысанын тіркеуге жататын үйлер екенін атап өтті. Ғ.Өтенбаевтың айтуынша қала бойынша 140 – мүліктің меншік иелері бірлестіктері, 1605 - жай серіктестік құрылған.
– Тарқатып айтқанда, Абай ауданында 61 МИБ 323 ЖС құрылып, тапсырма 100% орындалды. Әл-Фараби ауданында 53 МИБ, 470 ЖС қолға алынып, 100 пайыздық меже толығымен іске асырылды. Еңбекші ауданында 16 МИБ, 479 ЖС бар. Жоспардың орындалуы- 92%. Қаратау ауданында МИБ саны 10-ға ЖС 333-ге жеткізіліп, көрсеткіш 89% құрап отыр, - деді Ғалымжан Әмірбекұлы.
Қала бойынша жаңа басқару жүйесіне өтудің жалпы көрсеткіші 96% құрайды. Мүліктің меншік иелері бірлестіктері мен жай серіктестіктерді біріктіру реформасын енгізу бойынша бекітілген Жол картасына сәйкес жыл соңына дейін басқарудың жаңа нысандарына толықтай көшу жоспарлануда.
Айта кету керек, мүлік иелерінің бірлестігі коммерциялық емес ұйым. Тұрғын үй пәтерлерінің және тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған кондоминиум нысанын басқаратын, күтіп-ұстауын қаржыландыратын және сақталуын қамтамасыз ететін заңды тұлға, ал жай серіктестік бірлескен қызмет туралы шарт негізінде әрекет ететін, кондоминиум нысанының ортақ мүлкін сақтауын қамтамасыз етуге арналған серіктестік.