БАСТАУЫШ СЫНЫПТЫ ОҚЫТУДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

БАСТАУЫШ СЫНЫПТЫ ОҚЫТУДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫҒА ТҮСТІ

Шымкент қаласындағы №72 мектепте «Оқыту мен тәрбиелеудің жаңа парадигмалары: бастауыш буынға жаңа қадам» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қалалық білім басқармасы әдістемелік орталығы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – білім беру мазмұнына сәйкес, оқыту мен тәрбиелеу үрдісін жаңғырту, заманауи педагогикалық технологияларды, әдіс-тәсілдерді тиімді енгізу жолдарын айқындау.

Жиынға ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ғалымдары, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ өкілдері, Маңғыстау, Ұлытау, Түркістан, Жамбыл, Атырау облыстары мен Алматы, Астана, Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық әдіскерлері, бастауыш сынып мұғалімдері қатысты. Ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы теориялық және тәжірибелік бағытта өткізілді.

Шымкент қаласы әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Жарқынай Арысбаеваның айтуынша, республикалық конференция жылдық жұмыс жоспарға енгізілген. Тәжірибелік бағытта педагогтер бастауыш сыныпты оқытудағы өзекті мәселелер - «Инновация мен креативтілік- білім берудің жаңа тенденциялары», «Заманауи білім – тиімді әдіс пен ұлттық құндылықтардың көрінісі», «Сабақты зерттеу: проблема және шешім», «Бастауыш мектептегі функционалдық сауаттылық: теориядан практикаға» тақырыптарын талқылады.

Сондай-ақ, теориялық бағытта ғалымдар мен әдіскерлер, тәжірибелі педагогтер оқу мен оқыту сапасын арттыру, бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттелігін дамыту, білім беру сапасын жақсартуға бағытталған тиімді әдістер мен өзекті ойларын ортаға салды. Секциялық тақырыптардың қорытындысы бойынша үздік деп танылған практикалық жұмыстардың иелері Алғыс хаттармен марапатталды.

«Шымкент келбеті»