Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр. Сондықтан мемлекет спорт инфрақұрылымын дамыту үшін тиісті қаражат бөліп, балалардың жастайынан алаңсыз спортпен шұғылдануына қажетті жағдайды жасап жатыр. Еліміздің барлық өңірлерінде көптеген спорт алаңдары ашылып жұмыс істеуде, түрлі кешендер мен спорт залдары салынуда.
Осы бағытта Шымкентте балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау, балалар спортын дамыту мақсатында жыл сайын бұқаралық және спорттық іс шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мәселен, өткен оқу жылында «Шымкент жастар лигасы» ұйымдастырылып, мектеп оқушылары арасында спорттың 9 түрінен бақ сынады. Оның ішінде футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, футзал, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, үстел теннисі бар. Аталған жарыс 6 мыңға жуық оқушыны қамтыды.
18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әуесқой лига жарыстары, қала біріншіліктері тұрақты түрде өткізіліп келеді. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында спорттың 22 түрінен 40-қа жуық қала біріншілігі өткізіліп, аталған жарыстарға 3500 жасөспірім қатысқан. Сондай-ақ, жазғы кезеңде балалардың бос уақытын тиімді пайдалану, спортқа баулу мақсатында аула чемпионаттары мен жазғы лагерьлер де ұйымдастырылды.
Биыл Шымкент қаласы полиция департаменті тарапынан есепте тұрған жасөспірімдердің жаңа тізімі ұсынылып, онда қаланың 5 ауданы бойынша кәмелетке толмаған 198 бала тіркелген. Департамент тарапынан ұсынған тізім бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, спортпен шұғылдануға тарту мақсатында спорттық секцияларға орналастыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде тізімдегі 45 бала 9 түрлі спорт секциясына – футбол, волейбол, жекпе-жек, қазақ күресі, дзюдо, жүзу, шахмат, дойбы, каратэге спорт түрлерімен қамтылды.
Жалпы, қала әкімдігі тарапынан балалар спорты мен бұқаралық спортқа ерекше мән беріліп, тиісті шаралар қабылдануда.