ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдарға жаңа тариф енгізілмейтінін айтты.
Сондай-ақ жөнделмеген жолдар ақылы болмайды. Министрліктің ресми дерегі бойынша, қазір елдегі ақылы жолдарда жеңіл автомобиль үшін бір шақырымдық тариф – 1 теңге. Ал автобустар үшін ондағы орындық санына байланысты бір шақырымға 5-15 теңге аралығында. Ауыр жүк көлік иелері бір шақырымға 5 теңгеден 25 теңгеге дейін төлейді.
Айта кетейік, елімізде республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 25 мың шақырым. Күтіп ұстауға жыл сайын 40 млрд. тг жұмсалады.
- Көрші елдерде ақылы жүйе бұрыннан бар. Ондағы тарифтік мөлшерлемелер біздің елдегі көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Салыстырып қарайтын болсақ, Ресей Федерациясында жүк көліктері 1 шақырым үшін 22 теңге төлейді. Италия мен Германияда орта есеппен алғанда – 70 теңге. Беларусь Республикасында – 80 тг, ал Хорватияда жүк көлігі үшін жолда жүру 122 теңгені құрайды,- дейді Атамқұлов.
Қазақ жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары ауыр жүк көліктері үшін тарифті 38 теңгеге дейін көтеруді ұсынған болатын. Бірақ министрлік пен салалық ведомство бұл ұсынысты бекіткен жоқ.
«Қазір 2013 жылғы тариф қолданылып отыр»,- дейді ведомство басшысы.
2025 жылға дейін автожолдардың 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу жоспарланған.