Шымкенттегі ескі қалашықта орналасқан этноауыл аумағында қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен «Бес қару» атты авторлық этно-фест өтіп жатыр.
Батырлар институтын қалыптастыру мен насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған этно-фестті қала тұрғындары мен қонақтары үш күн бойы тамашалай алады (25-26-27 қазан күндері).
Келушілер этно-фест барысында «Оңтүстік Қазақстан суретші жастары» бірлестігінің өкілдері ұсынған «Бес қару» экспозициясының сахналық көріністерін тамашалап, жыршылардың орындауындағы батырлар жырын тыңдайды.
Сондай-ақ, жасөспірімдерді батырлық қасиетке тәрбиелейтін ойын түрлері ұйымдастырылып, каскадерлар семсерлесуден жауынгерлік шеберлік пен өнерден, бес қару түрлерін пайдаланудан шеберлік сағатын өткізеді.
Іс-шара аясында Батырлар институты тақырыбы кеңінен талқыланатын арнайы семинар да өтпек. Онда этнофестивальге арнайы келген еліміздің танымал тарихшылары, этнолог ғалымдары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Қызылорда қалаларының және көршілес Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің жыршылары қатысады.