Қазақстанда бүгін ұлттық нақыштағы "махаббат күні",- деп хабарлайды Shymkentaqparat
Тыңнан қосылған атаулы күн - ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүрлері мен адамгершілік рухына негізделген жаңа тұрпатты мереке дәстүрге айналып келеді.
Өткенге көз жүгіртсек, бұл мерекені атап өтуді Оңтүстік Қазақстан облысында 1999 жылы Дархан Мыңбай ұсынып, жастар ұйымдарын, оқу орындарын, ақпарат құралдарын соған шақырған. Батыстағы мерекелерді ескеріп, ешқандай күнге тура келмесін деп, дәл осы күнге қойылған деген дерек бар.
Елімізге белгілі тарихшы Ардақ Беркімбайдың пікірінше, ғашықтар күні атап өтілгені дұрыс, бірақ салт-дәстүрлерімізге қайшы қылықтар жасалмауы тиіс.
–Әулие Валентин күнінің тарихын білмегендіктен, жастар жағы оны "ғашықтар күніне" айналдырып алды. Қоғамдағы бұл көрініс қазіргі уақытта жастар арасында "махаббат күнінің" қажеттілігін көрсетіп тұр. Махаббат күнін ұлттық танымымызға, салт-дәстүрлерімізге қайшы келмейтіндей етіп атап өткен абзал. Ал "Қозы Көрпеш - Баян сұлу күні" деген атау сәтті қойылған деп ойлаймын. Ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрлеріміздің барлығының жөн-жосығы, тәрбиелік мәні бар", - дейді ол.
Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу - шамамен ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген ғашықтар. Сарыбай мен Қарабай аң аулап жүріп құдаласады. Бұл екеуінің ұл-қыздары кейін махаббат жолында түрлі қиыншылықтарды бастан кешеді. Жақсылық пен жамандық, дүниеқоңыздық пен көре алмаушылық, кек пен ашуға тап болған қос жүрек бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббат тарихы осы адалдықтарымен құнды.