Бүгін «Шымкент жастар лигасы» жобасының ширек финалы басталды

Бүгін «Шымкент жастар лигасы» жобасының ширек финалы басталды

Жобаға қаламыздың 140 білім беру мекемесінен футбол, баскетбол, волейбол, шахмат ойындарынан лигалар құрылды. Жалпы баскетбол волейбол ойындарынан ширек финалға 32 команда шықты. Оның ішінде 16-волейбол, 16-баскетбол. Футбол және шахмат ойындарының іріктеу ойындары әлі де жалғасуда, деп хабарлайды Shymkentaqparat

«Шымкент жастар лигасы» жобасы – мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізуге, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік пен табандылығын қалыптастыруға және республикалық чемпионаттарға команда жасақтауға мүмкіндік береді.

Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан аудандық деңгейдегі іріктеу ойындарынан жеңіп ширек финалға жолдама алған команда капитандарымен кездесіп, құттықтап, сәттілік тіледі.

– «Шымкент жастар лигасы» – қаламызда бірінші рет өтіп жатыр. Бұл жоба мектеп оқушыларының спортқа деген ынтасын оятып, қызығушылын арттыруда. Спорттық сайыс биыл өз мәресіне жеткен соң, келер жылы да жалғасын табады. Жоба жеңімпаздарына 20 миллион теңге қаржылай сыйақы беріледі. Егер оқушыларымыз өз мектептеріне 20 миллион теңге сыйласа – ол оқу орындары үшін үлкен жетістік, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.


Бұл жоба 2 кезеңді қамтиды.

І-кезең - 1 наурыз бен 1 маусым аралығында жалпы білім беру мекемелерінің арасында футбол, волейбол, баскетбол ойындарынан турнир ұйымдастырылды.

ІІ-кезең -қыркүйек – қараша айларында жоғары және орта арнаулы оқу орындарында шахмат ойынынан турнир өтеді.

Қазіргі таңда, командалардың ойын кестесі бекітілді. Instagram әлеуметтік желісінде арнайы @shymkent_jastar_league парақшасынан толық ақпарат күнделікті жариялануда.

Айта кетейік, ойындар санитарлық эпидемиологиялық талаптарға сәйкес өткізілуде.

Фото: Самат Мырзалиев