БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДА КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУДА КЕШЕНДІ ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз брифингін өткізіп, қалада білім сапасын арттырудағы жобалар, қысқы жылыту маусымындағы қауіпсіздікті сақтау,

әлеуметтік салаларда атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Шаһарда қараша айының 1-нен жылу маусымы басталған болатын.

Қала әкімінің орынбасары тұрғындарды өрттен барынша сақтануға, газды, электр жүйелерін дұрыс пайдалануға, қауіпсіздік талаптарына мән беру қажет екенін ескертті. Бүгінде улы газдан уланудың алдын алу бойынша газ-техникалық қызмет мекемесі алгоритмге сәйкес жұмыс атқаруда. Табиғи газды пайдалануда қауіпсіздікті сақтау қажет.

Сонымен қатар, қала әкімдігінің ресми өкілі медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жедел жәрдем қызметкерлері бейнежетонмен қамтылып жатқанын атап өтті. Құрылғы қызметкерлердің киіміне бекітіледі. Пилоттық жобаның мақсаты – қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық көмектің сапасын бақылау. Қалада жалпы 115 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді. Барлық бригадаларды бейнежетонмен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сәрсен Абайұлының айтуынша, Шымкент қаласының мектептеріндегі оқыту сапасын көтеру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту және оқу үдерісін цифрландыру негізінде білім сапасының тұрақты өсіміне қол жеткізу мақсатында «САПАЛЫ БІЛІМ» кешенді дамыту жобасы әзірленіп жатыр.

Жоба Білім басқармасының құрылымдық бөлімшелері, әдістемелік орталық, біліктілікті арттыру орталықтары және Шымкент қаласындағы барлық орта білім беру ұйымдары арқылы іске асырылады.

Жобаның идеясы - педагог кадрлардың кәсіби біліктілігін, білім сапасының мониторингі мен тәрбие жұмыстары мен басқару жүйесінің сапасын арттыру, оқыту сапасын жақсарту үшін мектептерде жұмыс жасап жүрген біліктілігі жоғары мұғалімдер мен директордың орынбасарлары тәжірибесін тарату, жоғары нәтижеге қол жеткізу. Қазіргі таңда аталған жобаның тұжырымдамасы мен жұмыс жоспары дайындалуда.

Сондай-ақ, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру мақсатында «Оқылым», «Жазылым», «Тыңдалым» және «Айтылым» дағдыларын кешенді түрде дамытуға ерекше көңіл бөліп, бұл бағытта білім беру үдерісін жаңғыртуға, оқу бағдарламаларын жетілдіруге және әдістемелік қолдауды күшейтуге бағытталған кешенді іс-шаралар іске асырылмақ.

Қазіргі таңда білім беру саласында жасанды интеллект (ЖИ) және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану XXI ғасыр дағдыларын қалыптастырудың негізгі шартына айналып отыр. Педагогтердің және оқушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыру, инновациялық құралдарды меңгеру мен білім беру процесіне енгізу -сапалы білімнің басты кепілі.

Осыған байланысты Шымкент қаласында инновация мен цифрлық оқытуды дамытуға бағытталған бірыңғай білім беру экожүйесін қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр.

Қала әкімінің орынбасары туризм саласын дамытудағы бірқатар жұмыстардың барысын атап өтті. Қазіргі уақытта Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Хызыр мұнарасы» жөнделіп жатыр.

Х–ХІ ғасырларға жататын «Хызыр мұнарасы» – еліміздің тарихи-мәдени мұрасы болып табылатын көне ескерткіш. Ортағасырлық сәулет өнерінің айрықша үлгісі саналатын бұл нысан Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғауына алынған тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілген. Бүгінде «Сайрам – Туризм» туристік агенттігінің бастамасымен мұнара аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, ескі жол аяқтар (брусчатка) жаңартылып, аумақ көгалдандырылуда, жарық шамдары мен демалыс орындары орнатылып жатыр.

Бұл жұмыстар тарихи нысанды сақтап қалу және туристерге қолайлы жағдай жасауды мақсат еткен. Сонымен қатар, аталған аумақта туризмді дамыту бойынша жаңа цифрлық шешімдер енгізу жоспарланып отыр.

Баспасөз мәжілісінде БАҚ өкілдері әлеуметтік сала, инфрақұрылыммен қамту мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Қала әкімдігінің ресми өкілі және тиісті басқарма қызметкерлері сауалдарға толыққанды жауап берді.

«Шымкент келбеті»