Білімге жол ашқан жылжымалы зертхана

Білімге жол ашқан жылжымалы зертхана

Биыл Мемлекет басшысы "Баланың бәрі – бірдей. Ауыл баласы мен қала баласының білім алу мүмкіндігі де бірдей болуы керек" деген болатын. Расында қазіргі жаһандану дәуірінде кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен оның адами капиталының сапасына байланысты. Өйткені, білім мен ғылым - ел дамуының тірегі, инновациялық экономиканың негізі. Сондықтан Қазақстан үшін орта білім сапасын арттыру ғана емес, оны әр балаға тең дәрежеде қолжетімді ету де стратегиялық маңызы бар міндет. Өкінішке қарай, елімізде қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасы мен мүмкіндіктеріндегі алшақтық әлі де бар.

Қала мектептеріндегі материалдық-техникалық база, тәжірибелі педагогтар мен қосымша білім беру мүмкіндіктері ауыл мектептеріне қарағанда әлдеқайда жақсы дамыған. Ал ауылдағы балалардың көбі репетиторлық курстарға, заманауи үйірмелерге немесе ғылыми жобалармен айналысуға қол жеткізе алмайды. Мұндай теңсіздік түлектердің жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіштерінен де көрініс табады. Оқу-ағарту министрлігінің және Ұлттық тестілеу орталығының соңғы жылдардағы деректеріне сүйенсек, елдегі жетекші университеттерге мемлекеттік грант негізінде түскендердің шамамен 70–75 пайызы – қалалық мектеп түлектері. Ауыл мектептерін бітіргендердің үлесі үштен бірден аспайды екен. Бұл айырмашылықтың себептері көп. Кадр тапшылығы, тәжірибелік білімнің аздығы, зертханалардың жетіспеуі және оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыратын ортаның болмауы да бар.

Мысалы, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелеріне жүргізілген сараптамалар да осы айырмашылықты растайды. 2012 жылғы деректерге сәйкес, қалалық түлектердің орташа балы 76,2 болса, ауылдық мектеп түлектерінің орташа көрсеткіші 66,5 балл шамасында болған. Бұл шамамен 10 балдық айырмашылық. Соңғы жылдары білім сапасын арттыру бағытындағы реформалар нәтижесінде бұл алшақтық біршама қысқарғанымен, түбегейлі жойылған жоқ. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық тек орта білім сапасында ғана емес, қосымша білім мен дайындық мүмкіндіктерінде де байқалады. Зерттеулер көрсеткендей, қала оқушыларының 60-70 пайызы кем дегенде бір үйірмеге немесе қосымша курсқа қатысады, ал ауылдық оқушылардың тек 25-30 пайызына ғана ондай мүмкіндік бар. Оның өзінде ауыл балалары офлайн емес, онлайн курстарға жазылады. Бұл деректер еліміздегі әлеуметтік және білім теңсіздігінің нақты көрінісін аңғартады.

Осындай жағдайда білім беру жүйесінде инновациялық тәсілдерді енгізу, әсіресе ауылдық аймақтарға сапалы білімді жеткізудің балама жолдарын табу өзекті бола түсті. Осы бағыттағы тың шешімдердің бірі STEAM Tulpar мобильді зертханасы болып отыр. Бұл еліміздің түкпір-түкпіріндегі балаларға ғылым мен технологияны жақындатуға бағытталған ерекше жобаға айналды. Заманауи зертханалық құрал-жабдықтармен жабдықталған бұл көлік ауыл-аймақтарды аралап, оқушыларға тәжірибелік сабақтар, шеберлік сағаттары мен ғылыми квесттер өткізеді.

STEAM Tulpar атауының өзі ерекше мәнге ие. Яғни Tulpar қазақтың қиялындағы жүйрік тұлпар, ал жобаның мақсаты сол сияқты білім мен ғылымға жол ашатын жылдам, шабыт сыйлайтын бастама болуға бағытталған. Жоба негізі STEAM қағидатына сүйенеді. Бұл дегеніміз, Science ғылым, Technology технология, Engineering инженерия, Art өнер және Mathematics математика. Бұл бес бағыт қазіргі заманның негізгі құзыреттерін қалыптастырады. Арнайы жабдықталған зертханалық көлікте балалар робототехника, инженерия, физика, химия және өнердің түрлі қырларын тәжірибе арқылы меңгереді. Мұндай сабақтар ауылдық мектептерде сирек кездесетін практикалық білім алуға мүмкіндік береді екен.

Жоба үйлестірушілерінің сөзінше, жоба ZertteStudio компаниясының көпжылдық тәжірибесіне негізделген. Бұл ұйым Алматы қаласында бірнеше жылдан бері балалар мен мұғалімдерге арналған ғылыми-көпшілік іс-шаралар, тренингтер және тәжірибелік курстар ұйымдастырып келеді. ZertteStudio командасы ғылымды тек теория түрінде емес, нақты өмірмен байланыстыра оқытудың маңызын жақсы түсінеді. Сондықтан да STEAM Tulpar жобасы олардың жинақтаған тәжірибесін ауылдық ортаға жеткізудің нақты жолына айналып отыр.

Айталық, мобильді зертхана жобасының алғашқы сапары биыл наурыз айында Алматы облысының Қосөзен ауылындағы №14 мектептен басталды. Кейін жоба Батыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстарындағы ондаған ауыл мен қалаларда өткізілді. Әр сапар балалар үшін үлкен оқиғаға айналды. Себебі ауыл мектебінің ауласына келген заманауи зертхана ғылымның ауылға келген бейнесі іспетті болған. Балалар робот жинап, тәжірибелер жасап, өздерінің инженерлік және шығармашылық қабілеттерін сынап көрді. Мұғалімдер үшін де бұл жоба үлкен мүмкіндік болғанын айтады. Олар жаңа әдістемелермен танысып, STEAM форматында сабақ өткізудің тәжірибесін меңгерген.

Мұндай мобильді зертхана форматы дамыған елдерде бұрыннан бар тәжірибе. АҚШ-тағы STEM in Gear және Monroe County Community School Corporation жобалары дәл осындай мақсатты көздейді. Олар әртүрлі штаттарды аралап, мектептерге барып, балаларға тәжірибелік сабақтар өткізеді. Германия мен Канадада да Science on Wheels және Mobile Science Lab сияқты жобалар бар. Германияда бұл бағдарлама бүгінде 20 мыңнан астам оқушыны қамтиды және оқушылардың 70 пайызы тәжірибелік сабақтардан кейін ғылымға қызығушылықтарының артқанын айтқан.

Сондықтан еліміздің географиялық кеңдігі мен ауыл мектептерінің көптігін ескерсек, мұндай мобильді форматтың тиімділігі өте жоғары. Бұл тек білім сапасын арттыру құралы ғана емес, ауыл мен қала арасындағы теңсіздікті азайтудың нақты шешімі. Жобаның тағы бір әлеуметтік әсері, қыз балалардың ғылым мен техникаға қызығушылығын арттыруына септігін тигізіп отыр. Бұрын инженерия мен бағдарламалау ерлерге тән сала ретінде қабылданса, бүгін ауылдың қыздары да робот жинап, дрон басқаруды үйреніп жүр. Бұл да бүгінгі қоғамдағы гендерлік теңдік пен әйелдердің STEM бағытындағы әлеуетін арттырудың айқын көрінісіне айналып келеді.

Мұндай бастамалар еліміздің білім беру саясатына да сай келеді. «Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында» креативті және инновациялық ойлауға бейім ұрпақ тәрбиелеу негізгі бағыт ретінде көрсетілген. Ал STEAM Tulpar жобасы осы мақсатқа нақты үлес қосып отыр.

Себебі, қалалық және ауылдық мектептердің арасындағы айырмашылықты азайту тек білім инфрақұрылымымен шектелмейді. Бұл ең алдымен әлеуметтік және мәдени мәселе. Ауыл балаларының ғылым мен технологияға қызығушылығын ояту арқылы мемлекет олардың өз әлеуетін ашуға жол береді. Егер осындай мобильді зертханалар саны артса, еліміздің барлық өңіріндегі оқушыларға тең мүмкіндік туады. Әр облыста кем дегенде бір мобильді зертхана тұрақты жұмыс істейтін болса, бірнеше жыл ішінде еліміздің білім кеңістігі әлдеқайда теңескен жүйеге айналары анық.

Сол үшін STEAM Tulpar тек білім беру жобасы емес, бұл болашаққа бағытталған қозғалыс, үміт пен шабыттың символы десек дұрыс болар еді. Өйткені бұл көлік әр сапарында жүздеген балаға жаңа арман сыйлап, ғылым мен техниканың қызық әлеміне есік ашары сөзсіз. Ауыл баласының арманы орындалып, әлемнің озық университетінде білімін шыңдағаны, ғылымға қол созғаны қоғам үшін пайдалы іс. Олай болса, бала арманына қанат бітірген қанатқақты жобалардың өміршең болғаны ауадай қажет.

Жадыра МҮСІЛІМ