Шымкентте Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Біртұтас тәрбие жүйесіндегі педагогтың рөлі» тақырыбында аймақтық оқыту семинары өтті.
Семинарды Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева ашып, жүргізіп отырды. Қала мектептерінен жиналған ұстаздар және білім бөлімінің мамандары біртұтас тәрбие мен оның маңызы жайлы баяндамалар жасап, көпшілікпен талқылады.
Тұлғалық тәрбие берудегі педагогтың рөлі өте зор. «Баланы тек мектеп немесе мұғалім тәрбиелеу керек деген жаңсақ пікір» деген өз ойларын айтқан мұғалімдер мектепте жүргізілетін тәрбиеге байланысты іс-әрекеттерімен бөлісті.
-Биылдан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, барлық мектептерде жүзеге асырылуда. Қазіргі қоғамда оқушылардың арасында көптеген вейб, лудомания қатарлы мәселелер туындап жатыр. Сондай жат қылықтардың алдын алу мақсатында бағдарлама ұлттық құндылықтарға бағытталған. Жалпы, былтырғы бағдарламада үш құндылық болса, биыл алты құндылыққа негізделгенін айта кету керек. Тек қана мектеп емес ата-ана, білім ошағы үштік болып, болашақ ұрпақты тәрбиелейміз, - дейді қалаға арнайы келген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.
Айта кету керек, аймақтық семинар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында оқу-тәрбие процесінің сапасын жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, педагогтер арасында білім мен тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналды.
«Шымкент келбеті»