Биыл Шымкентте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Шаңырақ» бағытымен тұрғын үй кезегінде тұрған 1 728 азамат несиелік баспанаға қол жеткізеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat қала әкімінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап
«Отбасы банк» интернет порталы арқылы «Шаңырақ» бағыты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында 27 үйді сатуға өтінімдер қабылдаған болатын.
«Алғашқы кезеңдегі 576 пәтерге осы жылдың наурыз-сәуір айлары аралығында конкурс өткен. Нәтижесінде, 590 өтінім қабылданып, 273 азаматтың өтінімі мақұлданған. Ал ІІ кезеңбойыша 512 пәтерге сәуір-мамыр аралығында конкурс өткізіп, 1 084 өтінім қабылданды. Қазіргі сәтте мақұлданған 280 өтінім бойынша төлем қабілетін растаған азаматтар арасында пәтер бөлу процедуралары жүргізілуде. ІІІ кезеңге сәйкес, 640 пәтерге биыл мамыр-маусым аралығында конкурс өткізіліп, нәтижесінде 1 240 өтінім қабылданған. Қазіргі таңда банк тарапынан конкурсқа қатысқан азаматтардың төлем қабілетін растау жұмыстары жүргізілуде»,- делінген хабарламада.
Барлық несиелік бағыттағы пәтерлер бойынша 3 кезең біткен соң тағы конкурс жүргізілу жоспарланған.
Ал «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелік бағытта баспана алуды көздеген азаматтарға бастапқы жарна мөлшерінің бір бөлігі үшінтұрғын үй сертификаты белгіленген шекте беріледі.
Айта кетсек, «Шаңырақ» бағытына қатысу үшін тұрғын үй кезегінде тұрып, отбасының ортақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда қатыса алады (2021 жылға – 126 917,4 теңге).