Шымкент қаласы бойынша 48 623 азамат тұрғын үй алу кезегіне тіркелген. Биыл баспана кезегіндегі 1605 азаматты сатып алу құқынсыз жалға берілетін тұрғынжаймен қамтамасыз ету, ал 2096 азаматқа кредиттік тұрғынүй бағытымен баспана беру жоспарланып отыр. Осы жылдың наурыз-сәуір айларында 260 отбасын «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспанамен қамту үшін лимит бөлінбек. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Утенбаев мәлімдеді.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 48 623 азамат бар. Оның 1819-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар болса, 9186-сы көпбалалы отбасылар. Ал, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатында - 16 957, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған 27 азамат бар. Мұнда мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым мен әскерилер саны 20 634-ті құрап отыр.
– Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында республикалық бірыңғай электронды дерекқордың көмегімен 1991 азамат тұрғын үй алу тізімінен шығарылған. Олардың ішінде иелігінде тұрғын үй тіркелген, басқа елді-мекенге қоныс аударған, санатын жоғалтқан және қайтыс болған азаматтар бар. Сондай-ақ, 2021 жылы 976 отбасын арендалық пәтермен қамту жоспарланып, жыл соңында оның 812-сі баспаналы болды. Оның ішінде жетім балаларға – 60, көпбалалы отбасыларға – 240, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына – 212, жұмыс істейтін жастарға – 300 пәтердің кілті табысталды. Ал, қалған 164 пәтер «Құрылысы аяқталған көпқабатты тұрғын үйлерді Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне қабылдау туралы» Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес берілмек. Қаулы негізінде Шымкент қаласы құрылыс басқармасы тарапынан Нұрсәт тұрғын үй алабында орналасқан үйлердің қабылдау-өткізу актілері әзірленіп, мемлекеттік тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған арендалық пәтерлер биыл пайдалануға беріледі, - дейді Ғалымжан Әмірбекұлы.
Мамандардың айтуынша, тұрғын үй кезегіне тіркелген 1,2 топ мүгедектері, жетім балалар мен көпбалалы отбасылар, мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасыларға 2022 жылдың мамыр айынан бастап тұрғынжайды жалдау ақысын субсидиялау тетігі енгізілмек.
– Биыл Қазақстан Республикасы Үкіметі жеке тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдау ақысын субсидиялау тетігін іске қоспақ. Бүгінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдын-ала анықтаған мәліметіне сәйкес, Шымкент қаласы бойынша субсидия алатын 8841 отбасы анықталып отыр, - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, 2022 жылға тұрғын үй сертификаттарын беру үшін жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қаржы қаралған.