Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуден 1900-ден астам талапкер 120 балдан жоғары жинады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев айтты.
- Ұлттық бірыңғай тестілеуге нақты 145 288 талапкер қатысты. Оның ішінде 75,5 пайызы қазақ тілінде, 24,3 пайызы орыс тілінде және 350 адам, яғни 0,2 пайызы ағылшын тілінде тапсырды. Биыл ҰБТ-ның орташа балы 69,08 балл болды. Өткен жылмен салыстырғанда орташа балл 5 балға артты. Ал шекті балды 65 пайызы жинады және 39,4 пайызы шекті балдан өте алмады, - деді вице-министр министрліктің аппарат жиналысында.
Оның атап өтуінше, орташа балдың өсуіне оқуға түсушілердің ҰБТ тапсыруға 2 мүмкіндігінің болуы әсер етті.
- Осылайша олар өз нәтижелерін жақсарту үшін дайындалуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар электронды форматты енгізу арқылы талапкерлердің жауаптарын түзетуге, тест тапсырмаларын шешуге уақыт жеткілікті болды. 1 923 түсуші 120 баллдан жоғары алды. Ең жоғары балл – 140 баллды бір талапкеріміз жинады. Ол - Павлодар қаласынан Данияр Уәлиев деген оқушымыз. Былтырмен салыстырғанда ең жоғары балл 139 болды. Оны да бір талапкер жинады, - деді Қуаныш Ерғалиев.