Бүгін қаладағы «Көрме орталығында» «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Тұрғындар мен жұмыс іздеушілер көптеп жиналған іс-шарада 100-ден астам жұмыс беруші өз кәсіпорындары туралы мәлімет беріп, түрлі бағытта 2000-ға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Қатысушылар өндіріс, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс және өзге де салалар бойынша вакансиялармен танысып, жұмысқа орналасу талаптары мен шарттары туралы толық ақпарат алды.
Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жәрмеңке аумағын аралап, жұмыс берушілермен тілдесіп, ұсынылған бос орындар легімен танысты. Ғабит Әбдімәжитұлы кәсіпорын өкілдеріне еңбек қауіпсіздігін сақтау, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, айлық жалақыны және міндетті әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеу қажеттігін қатаң ескертті. Сонымен қатар, мұндай жәрмеңкелердің халықты жұмыспен қамтуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ерекше ықпал ететінін атап өтті.
Еңбек мобильділігі орталығының арнайы ұйымдастырған кеңес беру алаңы да жәрмеңкенің маңызын арттыра түсті. Орталық мамандары 227 мекеменің 1500-ден астам бос жұмыс орнын таныстырып, тұрғындарға таңдау мүмкіндігін ұсынды. Жұмыс іздеушілерге еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар және жұмысқа орналасудың тиімді жолдары түсіндірілді.
Ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарының да іс-шараға белсене қатысуы жәрмеңкенің ауқымын кеңейтті. Атап айтқанда, «Назар Текстиль», «Бал Текстиль», «Алтын-Дан», «Marvik Partners», «Wan Sheng Ceramic», «Karlskrona», «Altyn Land», «Фиркан», «OKS Group», «Rixos Khadisha Shymkent» сынды қаладағы өндіріс және қызмет көрсету бағытында жұмыс істейтін жетекші компаниялар өздеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынды. Келушілер бұл кәсіпорындардың жұмысы, талаптары және жалақы көлемі туралы жеке-жеке ақпарат алып, кейбірі сол жерде-ақ әңгімелесуден өтті.
Жәрмеңкеде мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашқан азаматтар да өнімдерін таныстырды. Бұл өз ісін бастағысы келетін адамдарға шабыт сыйлап, мемлекеттік қолдаудың нәтижесін көзбен көруге мүмкіндік берді.
Жәрмеңкеге келген тұрғындарға Еңбек мобильділігі орталығы мен аудандық мансап орталықтарының мамандары Enbek.kz порталының қызметтерін жан-жақты түсіндірді. Жұмыс іздеушілер онлайн резюме әзірлеу, электронды еңбек биржасындағы бос орындарды қарау, жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнату жолдарын үйренді.
Қорыта айтқанда, «Еңбек – өмірдің тұтқасы» атты жәрмеңке жұмыс іздеушілердің сенімін күшейтіп, жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайта түсті.
Дилара БИМЕНОВА