​COCA-COLA СУСЫНДАРЫН ШЫҒАРАТЫН ӨНДІРІС ОРНЫ АШЫЛДЫ

​COCA-COLA СУСЫНДАРЫН ШЫҒАРАТЫН ӨНДІРІС ОРНЫ АШЫЛДЫ

Қаладағы сауда-логистикалық орталық аумағында «Coca-Cola Kazakhstan» алкогольсіз сусындар шығаратын өндіріс орны ашылды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков инвестициялық жобаның ашылу рәсіміне қатысып, өндіріс барысымен танысты. Шаһар басшысы аталған жаңа өндіріс қаланың дамуына серпін беретінін атап өтті.

Жобаның құны – 27 млрд теңге. Өндірістік және қойма алаңдарының аумағы – 14 087 шаршы метр. Онда қазіргі таңда салқын шай мен кока-кола сусындарын шығаратын желілер іске қосылды. 16 га аумақтағы жобаның қуаттылығы – жылына 283 млн литр өнім шығару. Жаңа өндіріс 150 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын басшылары өндірісті одан әрі кеңейтуді де жоспарлауда.

Қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтың айтуынша, инвесторға әкімдік тарапынан жер телімі беріліп, оған инфрақұрылым тарту жұмыстарын жүргізу бойынша қолдау көрсетілген. Сондай-ақ, құжаттарды рәсімдеуге де сүйемелдеу жасалынған.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларының арқасында қалада жыл сайын жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындарының саны артуда. Инвестициялық ахуалды жақсарту – мегаполистің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі.