​ДЕНДРО САЯБАҚТА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ 

​ДЕНДРО САЯБАҚТА ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ 

Таза Қазақстан акциясы аясында А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта тазалық жұмыстары жүргізілді.

Акцияға қала жастары белсенділік танытқан. Әр аптаның сенбі күндерінде дәстүрлі түрде өткізілетін бұл шара бүгінде қала тұрғындары үшін қалыпты жағдай. Бұған дейін қала аумағы, тұрғын-үй алқаптары, өзен жағалаулары тазаланған болатын. Күзгі науқан басталғалы «Жасыл ел» жастары саябақтарды тазалауға кірісіпті.

Қаладағы ЖОО-дары мен колледждермен тығыз байланыс жасадық деген Жасыл ел жастар жасағының кординаторы Бақытжан Тұрысбек бүгінгі акцияға 300-ден астам жастардың қатысқандығын айтты.

- Студенттерді қала тынысына машықтандыру үшін университет басшылықтарымен келісім шарт жасалынған. Сабақтан тыс уақытта, яғни сенбі, жексенбі күндері студенттер бізбен бірге тазалық жұмыстарына қатыса алады,-дейді Бақытжан Тұрысбек.

Алдағы уақытта жоспар бойынша басқа да саябақтарды тазалық жұмыстары жүргізіледі. Тазалық акцияларына қатысуды әдетке айналдырған студент Албина Тұяқова қатарластарының да бұл игі іске үлес қосқанына қуанышты екенін жеткізді.

- Шымкентке қонақ болып, ат басын бұрғандардың дені жасыл желек жамылған дендросаябаққа соқпай кетпейді. Бұл мекен қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған. Бір мезгіл бой сергітіп, таза ауамен тыныстап қайту үшін ағылатындар көп мұнда. Сондықтан, еліміздегі үлкен саябақтардың бірі болған Дендропаркты таза ұстағанымыз абзал,-дейді Албина Тұяқова.

Шымкент келбеті