Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласында индустриалды-инновациялық жобаларды қолдау және жеке кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен 2022 жылға арналған жоспарлар туралы баспасөз брифингі өтті.
Брифинг барысында кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков салада атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
– Өткен жылы кәсіпорындар 785,4 млрд. теңгенің өнімін өндірсе, өңдеу өнеркәсібінде табыс 679,1 млрд. теңгеге жетіп, өсім 5 пайызды көрсетті. Биылғы жылы өңдеу өнеркәсібінің көлемі 744 млрд.теңгеден асады деп болжануда, - деді Береке Талғатұлы.
Б.Дүйсебековтің айтуынша, инвестиция саласы бойынша былтырғы жылы қала экономикасына 462 млрд. теңге қаржы тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 60,3%-ға артқан. Биылғы жоспар бойынша көрсеткішті 538 млрд.теңгеге жеткізу көзделуде. Жалпы алдағы 5 жылда 4,6 трлн. теңге инвестиция тартылатын болады.
Сонымен қатар, 2021-2025 жылдары 2,7 трлн.теңгені құрайтын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Осыған орай 296 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Оның ішінде 2022 жылы 241 млрд. теңгеге 65 инвестициялық жобаны жүзеге асырылмақ. Өз кезегінде 2021 жылы 100 млрд. теңгеге 54 инвестициялық жоба қолға алынды.
Сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында өткен жылы 16,1 млрд.теңгеге 593 жұмыс орны құрылып, 15 кәсіпорын жұмысын бастаса, биыл 52,3 млрд. теңгеге 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ететін 16 инвестициялық жоба іске қосылатын болады.
– Бүгінде қаладағы индустриалды аймақтарда Түркия, Қытай, Өзбекстан, Оңтүстік Корея, Еуропа, Таяу және Қиыр Шығыс елдерінен қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен жобалар қолға алынуда. 11 мың адамды жұмыспен қамтып, 300 млрд.теңгені құрайтын 189 кәсіпорынды шоғырлану көзделген. Соның ішінде нақты 160 млрд.теңгеге 124 жоба іске асырылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, - деді Береке Талғатұлы.
Сонымен қатар, биыл жалпы алаңы 306 гектар болатын жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағы ашылмақ. Онда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы және тағы басқа салалар бойынша 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылып, 200 млрд. теңгеден жоғары сомаға 50-ден астам ірі инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде.
Сондай-ақ, экспорт саласында қаланың 54 өңдеуші кәсіпорындары өнімдерін тұрақты экспортқа шығаруда.
Баяндамашының мәлімдеуінше, 2021 жылдың 11 айында тауарлардың шикізаттық емес экспорт көлемі 413,8 млн. АҚШ долларына жетсе, жылдық жоспар - 450 млн. АҚШ долларын құрайды деген болжам бар.