​Дүниежүзілік банк: Жылу электр орталықтарының жайы ойлантады

​Дүниежүзілік банк: Жылу электр орталықтарының жайы ойлантады

Үкіметтің алдында аса маңызды міндеттер тұр. Алдағы бес жылдықта экономика көлемін екі еселеу, тиімді шетелдік инвестиция тарту, салық мәселесін барлық тарапқа да оңтайлы етіп шешу, ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру тіпті де оңай шаруа емес. Мемлекет бұл тапсырмаларды абыроймен атқарып шыға ала ма, жоқ па, уақыт көрсетеді. Бір анық нәрсе бар, ол – аталған мақсаттарға жетуге тап қазір энергетикалық инфрақұрылымды белсенді дамыту қажет болып тұр.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Дүниежүзілік банк: Жылу электр орталықтарының жайы ойлантады

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Таяуда экономикалық сарапшы­лар­­дың бірі «Energy for Growth Hub» ұсын­ған қызық деректі бөлісті. Онда ішкі жалпы өнімдегі (ІЖӨ) жан басына шақ­қандағы электр энергиясын тұтыну үлесі ұсынылған. Соған сүйенсек, әлемде энергия тұтыну көлемі өте төмен бірде-бір ел жоқ екен. Сәйкесінше, электр энергиясын жоғары деңгейде тұтынатын бірде-бір кедей ел де жоқ. Энергия тұтыну мен экономикалық өсімнің бір-бірімен қаншалықты тығыз байланыста екенін осыдан-ақ аңғаруға болатындай.

Осы ойдың жетегінде жүргенде Дүние­жүзілік банктің (ДБ) елімізге қатыс­ты зерттеуін көзіміз шалып қалды. «Қазақстан Республикасындағы таза энер­­гетиканы дамыту стратегияларын қолдау үшін энергетикалық жүйені талдау» деп аталатын зерттеуде елдегі жылу энергетикалық орталығының жай-күйі тал­данады. Онда елімізді үш аймаққа бөліп, қарастырады.

Солтүстік аймақ сипаттамасы:

Мұнда көмірдің десі басым. Риддер мен Шахтинск қызыл аймақ болып есептеледі. Сары аймақтағы Екібастұз ГРЭС-2-ге, Ақсу учаскесіне реконструкция және жаңғырту керек. «Жаңа көмір генерациясын қаржыландыру – проблема, өйткені 1,4 ГВт көмір генерациясы қазірдің өзінде пайдаланудан шығарылуы керек еді» деп жазады ДБ.

Оңтүстік аймақ сипаттамасы:

Мұнда да энергия тапшылығы бар. Шымкент пен Текелі – қызыл аймақта. Сары аймақтағы Алматы ЖЭС-2-ні газға көшіру жоспарланып отыр. Сары аймақтағы Жамбыл ГРЭС-ін реконструкция мен жаңғыртудан өткізу қажеттілігі туындап тұр.

Батыс аймақ сипаттамасы:

Мұнда газ қуаттылығы біршама бар, дегенмен операциялық тиімділікті арт­тыру керек-ақ. Сары аймақтағы «Қаз­АтомПром» МАЭК үшін реконструкция және жаңғырту қажет.

Жұмыс тиімділігін арттыру амалы

ДБ сарапшылары төмен тариф пен ке­йінге қалдырылған инвестиция ара­сындағы байланысты жою керек деп есептейді. Олардың пайымынша, еліміздің электр энергетикалық секторы тап мынадай тұйық шеңберге байланып тұр: Операциялық шығындарды өтей алмайтын төмен тариф – табыстың төмендігі – қаржылық жоғалту – кредиторлар мен жұмысшыларда ынтаның аздығы – эксплуатация тиімділігін арттыру және модернизацияға қызмет көрсету бағытына инвестиция қажеттілігі – шығарындыларға мониторинг жасайтын жүйенің ескіруі – шығарындылар деңгейінің тым жоғары болуы – апатты жағдай мен қайғылы оқиғалардың көптігі – ұсыныстың тапшы, сұраныстың жоғары болуы – сенімсіз жабдықталу – тұтыну­шы­лар­дың қызмет деңгейіне риза болмауы және ақша төлегісі келмеуі.

Жағдайды түзеу үшін халықаралық ұйым мынадай кеңестер береді:

Құрылымдық әлсіз тұстарды (әсіресе мұржалар мен ғимараттарда) шұғыл жою;

Ақауларды жою үшін маңызды қо­сал­қы бөлшектердің болуын қамта­масыз ету, апаттық жоспарларды дайындау және соған сәйкес қызметкерлерді оқыту;

Жабдықтарды өндірушілермен келі­сім бойынша сары санаттағы агрегат­тар­­дың қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қай­та құру және жаңғырту жұмыстарын жүр­гізу;

Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің жаңартылуын және тиім­ділігін қамтамасыз ету, әр стан­са дең­гейінде түсті рейтингті және одан әрі зерттеуді басшылыққа ала отырып, инфра­құрылымды жаңғыртуға, авто­мат­тандыруға және цифрландыруға инвес­тицияларға басымдық беру;

Реконструкция және модернизацияға қа­жетті қаражатты қамтамасыз ету мақса­тында инвестицияға арналған тариф бағдарламасын әзірлеу;

Даму мақсаттары мен климаттық міндеттемелерге сәйкес энергия ауысымын жеделдету;

Қызыл санаттағы қондырғыларды, атап айтқанда, көмірді бірте-бірте пайда­ланудан шығаруды жоспарлау және балама нұсқаларды дайындау;

Сутекті пайдалануға дайын жобалар шеңберінде газды өтпелі отын ретінде пай­да­лану; газды тиімді пайдалану мүм­кін­діктерін анықтау;

Арнайы жаңғырмалы энергия көзін (ЖЭК) дамыту аймақтары және жақсы құры­­лымдалған аукциондар арқылы ЖЭК қуаттылығын арттыру;

Болашақтағы заманауи, интеллектуал­­­­ды және орнықты энергетикалық жүйе­ні дайындау;

Риддер, Текелі сияқты аймақтардағы маңызды жылу орталықтары үшін балама қуатты дамытуды жоспарлау және бастау.

ЖЭО-ларды тұралатқан түйткіл

«Зерттеуде қамтылған 58 стансаның 41-і ғимарат пен құрылыстарға зерттеу жүргізгенін мәлімдеді. Зерттеу есебінде электр стансаларының ғимараты мен тіректерінің құрылымдық тұтастығына қатысты қолайсыз қорытындылар бар. Сонымен қатар тозу мен құрылымдық түйткілдер де анықталды. Шахтинск ЖЭО ұсынған техникалық тексеріс туралы есепте орталықтың құрылыс конструкциясы апатты жағдайда тұр­ғаны және толық демонтаж қажет екені айтылған. Қарағанды ГРЭС-1-де зақымдалған отын резервуарлары бар екені белгілі болды. Бұл қауіп­сіздікке үлкен қатер (жарылыс немесе өрт қаупі) төндіреді. Алматы ЖЭО-3 ғимараты мен құрылыстарындағы бу құбырлары да қауіпсіздік талаптарына сай емес. Сәйкесінше, зерттеу есебінде болашақта ықтимал зақымдар мен апат­тар­дың алдын алу үшін мұржа құры­лымын дереу нығайту ұсынылған. Алай­да қаржылық шектеуге, тиісті тәжірибе мен экспертизаның болмауына байланысты жөндеу кейінге шегерілген. Бұған орталықты табиғи газға көшіру де әсерін тигізген. Төмен сапалы көмір және газ жеткізудегі қиындықтар станса жұмысының тиімділігіне зиянын келтіріп тұр», делінеді зерттеуде.

Көптеген электр стансасы Қарағанды бассейнінің көміріне бейімделіп жоба­лан­ған. Уақыт өте келе сапасы біршама төмен Екібастұз көміріне көшуге мәжбүр болды. Стансалардың көбі көмірді ашық әдіспен сақтайды, салдарынан ылғал артып, отынның жылу ұстау қабілеті төмендейді. Кей стансаларда ұсақталған көмірдің өлшемі 25 мм-ден айтарлықтай асып түседі, бұл қазандықтардың тиім­ділігіне теріс әсер етеді. Төмен сапалы көмірді тұтыну, ашық сақтау және дұрыс ұсақтамау станса тиімділігіне кері әсер береді – жылдам тоза бастайды, сүзгілер толып қалады, құбырлар ескіреді, шығарынды көбейеді, тұтыну көлемі артады.

Басқасын былай қойғанда, су құрамы­ның сапасы да құрылғылардың жедел көнеруі­не себеп көрінеді.

«Су мен будың құрамындағы нашар химия жабдықтың қызмет ету мерзімін қыс­қартады. Кей стансалар оның дең­гейін ұдайы бақылап отырмайды. Кей стансалар суды минералдансыздыру жүйесін пайдаланбайды, оның орнына жұмсартылған су қолданады, сөйтіп қазандықтың қызмет ету мерзімі күрт төмендейді. Экологиялық талаптар да жеткілікті деңгейде сақтала бер­­мей­ді. Шығарындыларды бақылау жүйесі сенімді емес және мемлекеттік қау­лыға сай келмейді. Экологиялық кодекстің 186 және 418-баптарына сәйкес, шыға­рын­дыларға мониторинг жасаудың автоматты жүйесі стансаларда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап орнатылуы тиіс. Үкімет қаулысына қарамастан, шыға­рындыларды мониторингтеу авто­мат­тандырылған жоқ. Көмір электр стан­саларының тек 33 пайызы электрлі сүзгі­лер­ді пайдаланады, қалғандары ылғал­­ды күл жинағыштар көмегіне жүгі­неді», дейді сарапшылар.

Стансалардың күл үйінділерін дұрыс реттей алмай отырғаны да – айтулы түйткіл. Көбінде үйінді түгел толған. Кей­бірі қазандық жұмысы тоқтаған кезде үйіндіні қолмен жоюға кіріседі. Астана мен Алматы ЖЭО-ларында күл сақтайтын орын да таусылып жатыр. Кентау ЖЭО-сы сияқты стансалар күлді қажетсінетін тұтынушы (мысалы, цемент зауыты) таппай отыр.

Келесі проблема – қолдан басқару сал­дарынан операциялық қателіктер са­нының артуы. Көп стансадағы басқару жүйесі қолмен жүзеге асырылады, әрі кет­кенде жартылай автоматтандырылған.

ЖЭО-лар туралы айтқанда тариф мәселесін де айналып өтпейміз.

«Операциялық ақша айналымының жеткі­ліксіз болуына байланысты көп­теген станса реконструкцияға қажет қар­жы­лан­дыру тарта алмайды. Қар­жылық шектеуге және төмен жалақыға байланысты бірқатар станса қызметкерлерді де ұстай алмайды. Мысалы, қаржылық шектеу салдарынан Кентау ЖЭО-сы әр жаз са­йын қызметкерлерінің 50 пайызына дейін қысқартады», делінеді зерттеуде.

Көмір жылына 25 адамның өмірін қияды

Таяуда «Our World In Data» ғылыми онлайн-басылымы зерттеу жариялап, қай энергия көзі экологиялық тұрғыдан қауіпсіз деген сауалға жауап іздеген.

«Қазба отын ең лас, ең қауіпті саналады және ауаға зиянды заттарды тым көп бөледі. Отынның бұл түріне көмір, қоңыр көмір және мұнай жатады. Қа­зақ­стан­да электр энергиясының 77 пайызы көмірмен жұмыс істейтін жылу электр стансаларында өндіріледі. Ал атом энер­ге­тикасы мен жаңғырмалы энергия көз­дері әлдеқайда қауіпсіз болып есеп­теледі», деп мәлімдейді «Our World In Data».

Олардың есептеуінше, көмір тұтыну­дан жыл сайын 25 адам мезгілсіз ажал құшса, мұнай арқылы энергия өндіру салдарынан – 18, табиғи газды пайдаланудан – 3, суды пайдаланудан 1 адам көз жұмады. Ал жел энергиясын қолдану әсе­рінен – 25 жылда 1 адам, ядролық энергия­ны қолданудан – 33 жылда 1 адам, күн энер­­гия­­сын қолданудан 50 жылда 1 адам қай­тыс болады екен.

«Экологиялық тазалығы және қауіп­сіздігі тұрғысынан атом электр стансасына қатысты түйткіл туындамайды. Ха­­лық­аралық жіктеу бойынша да атом энер­гетикасы «жасыл» энергетика санатына енгізілген. Егер Қазақстан қазіргі ахуалды өзгерткісі келсе ядролық және жаңғырмалы энергетикаға көшкені жөн. Сол арқылы болашақ ұрпақты сақтап қана қалмайды, сонымен бірге, қазір өмір сүріп жатқан азаматтардың ден­сау­лығына үлкен пайда әкеледі», делі­­­неді дерек көзінде.