Шымкент қаласында «Жеңіл атлетикалық манеж» спорт кешенінде академик Мардан Баймырзаұлы Сапарбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен халықаралық турнир өтуде. Биыл ХХХ-шы рет ұйымдастырылған мерейтойлық жарыста еліміздің барлық өңірінен және Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Әзірбайжан елінен, жалпы 280-нен астам спортшы бақ сынап жатыр.
ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Асқар Кулов, қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов спортшыларға сәттілік тілеп, аталған турнир жастарға мол тәжірибе екенін атап өтті.
Академик Мардан Баймырзаұлы еліміздің өркендеуіне, спорттың дамуына айрықша үлес қосқан тұлға. Қаншама спорт саңлақтары мен шәкірттер даярлап, өшпес із қалдырды.
Қазіргі таңда шаһарда грек-рим күресі қарқынды дамып келеді. Биыл Шымкент қаласының балуаны Әлімхан Сыздықов Олимпиада ойындарында бақ сынады.
Іс-шарада Шымкент қаласы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Марат Сапарбаев Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Демеу Жадыраевқа шапан жауып, құрмет көрсетті.
Айта кетсек, дәстүрлі жарыс ертең мәресіне жетеді.
«Шымкент келбеті»