ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР ЖАС ДАРЫНДАРДЫ ТАНЫТПАҚ

ДӘСТҮРЛІ ТУРНИР ЖАС ДАРЫНДАРДЫ ТАНЫТПАҚ

Шымкент қаласында Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир бастау алды. 44-ші халықаралық бокс бәсекесіне 5 мемлекеттен - Өзбекстан, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Украина және Қазақстанның 100-ге жуық боксшысы қатысады. Олардың қатарында талантты былғары қолғап шеберлері бар.

Бүгін жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шарада Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дәрменов дәстүрлі дода жас спортшыларға өз шеберліктерін көрсетуге, тәжірибе алмасуға және дарынды жастарды іріктеуге мүмкіндік беретінін айтты. Аталған турнир еліміздегі ең беделді бокс бәсекелерінің бірі саналады және халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Жарыс «Шымкент кәсіпқой бокс түрлері клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимаратында өтіп жатыр. Қарақозы Әбдәлиев мемориалы елімізге белгілі, көптеген тәжірибелі боксшыларды танытқан турнир. Биыл да жас дарындар жарқырай көрінеді деген сенім бар.

Халықаралық турнир 5 қараша күні мәресіне жетеді.

«Шымкент келбеті»