Шымкент қаласы көрмелер қаласына айналуда. Әр көрменің өз ерекшелігі бар. Сондай ерекше көрменің бірін бүгіннен бастап қазан айының 18-не дейін қаламыздағы өнер ордалары өткізбек.
Көрмеде ең қызық, ең таңдаулы қойылымдардың сахналық киім үлгілері ұсынылады. Оған қалалық опера және балет театры, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры және «Шымкент қаласы әзіл – сықақ және сатира театры» қатысады.
Саханалық киімдердің ішінде мысалға, қалалық опера және балет театры қазақ опера жауһарларынан М.Төлебаевтың «Біржан Сара», Т.Жармұқамедтің «Домалақ ана», А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» және шетел классиктерінен Дж.Верди «Риголетто», Дж.Россини «Севильдік шаштараз», П.И.Чайковский «Щелкунчик» т.б. қойылымдарының костюмдерін ұсынса, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры Мысыр елін билеген, Қыпшақ даласының ұлы қаһарман батыры – Сұлтан Бейбарысқа арналған Р.Отарбаевтың «Сағыныш шөбі», Шығыс және Орта Азия әдебиетіне ортақ Алпамыс батыр туралы Б.Пармановтың «Алпамыс», сонымен қатар Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған А.Алтынбековтың «Дара тұлға» поэтикалық драмаларындағы сахналық киімдерін ұсынады.
Ал, «Шымкент қаласы әзіл – сықақ және сатира театры», американдық әйгілі драматург Нил Саймонның әлемдік әдебиеттің інжу-маржанына айналған «Әумесерлер» комедиясындағы кейіпкерлердің образын ашатын киімдерді қоймақ.
Ұйымдастырылып жатқан қойылымдардағы әр заманның бейнесін көрсететін киімдер көрмесі көрермендерді тарих қойнауына жетелейді. Сонымен бірге қала тұрғындары мен қонақтары үшін театр тынысымен танысып, асыл өнерге бір табан жақындаудың мүмкіндігі туады.
Костюмдер көрмесі қатысатын өнер ордаларының ғимараттарында өтеді.