Экологиялық ахуалды бақылауда нақты нәтижелер бар

Экологиялық ахуалды бақылауда нақты нәтижелер бар

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Шымкент қаласы бойынша экология департаменті тарапынан қоршаған ортаны қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында департамент басшысының міндетін атқарушы Сабыр Балыбек мәлімдеді. Оның айтуынша, жыл басынан бері қаладағы экологиялық ахуалды бақылау, заң бұзушылықтардың алдын алу және оларды жою бойынша нақты нәтижелерге қол жеткізілген.

Есепті кезеңде департамент тарапынан барлығы 19 тексеру жүргізілген. Оның алтауы – профилактикалық сипатта, екеуі – экологиялық талаптарға сәйкестікті анықтау үшін, ал он бірі – жоспардан тыс тексерулер ретінде ұйымдастырылған. Бұл тексерулердің нәтижесінде 34 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 23,5 миллион теңгеден асатын айыппұл салынған. Салынған айыппұлдың 23 миллион теңгеден астамы мемлекет бюджетіне өндірілді. Сонымен қатар, заң бұзушылықтарды жою туралы 19 нұсқама жолданып, бірнеше нысанның жұмысы уақытша тоқтатылған.

– «High Industrial Lubricants & Liquids Corporation» ЖШС-на 1 миллион 966 мың теңге айыппұл салынып, оның қызметі бір ай мерзімге тоқтатылған. Бұдан бөлек, компанияға заң талабын орындамаған әрбір күн үшін 2,3 миллион теңге көлемінде өсімпұл өндірілді. «Гермес-Б.Е.» ЖШС-на да 786 мың теңге айыппұл салынып, үш айға қызметін тоқтату туралы сот шешімі шықты. Жеке кәсіпкер Хабибулла Нематуллаға қатысты 393 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, оның қызметі бір айға тоқтатылған. Ал «СинЮанСТИЛЬ» ЖШС-нің экологиялық рұқсатында көрсетілмеген қосымша ластау көздері мен тазалау құрылғысыз жұмыс істегені үшін сот шешімімен қызметі уақытша тоқтатылып, департаменттің талап-арызы қанағаттандырылды. Сонымен қатар, нұсқамаларды орындамаған төрт кәсіпорынға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 462-бабының 3-бөлігімен хаттамалар толтырылып, олар да айыппұл және қызметті тоқтату түріндегі жазаға тартылды, - дейді ол.

Жалпы, тексерулер ірі, орта және шағын бизнес субъектілерін де қамтыған. Тексерілген ірі кәсіпорындар қатарында «ПетроҚазақстанОйлПродактс», «High Industrial Lubricants & Liquids Corporation», «Кедентранссервис», «ЦветЛит» сияқты өндіріс ошақтары болса, орта және шағын санаттағы кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер де экологиялық талаптардың сақталуына байланысты бақылауда болған.

Шымкент қаласында ауаның ластану деңгейі де департаменттің ерекше бақылауында. «Казгидромет» мекемесінің 6 стационарлық бекеті арқылы жүргізілетін мониторинг нәтижесінде қала атмосферасы 2020 жылдан бері көтеріңкі ластану деңгейінде деп бағаланып келеді. Соңғы жылдары зиянды қалдықтар көлемі артып келеді, мәселен, 2022 жылы 31,6 мың тонна, 2023 жылы 34,1 мың тонна, ал 2024 жылы 35,7 мың тоннаға жеткен. Бұл көрсеткіштер өндірістік нысандар санының көбеюімен байланысты. Қалада атмосфераға зиянды заттар шығарындылары жылына 500 тоннадан асатын төрт ірі кәсіпорын — «ПКОП», «Стандартцемент», «Шымкентцемент» және «3-Энергоорталық» мекемелерінде автоматтандырылған өндірістік экологиялық мониторинг жүйелері орнатылған. Бұл жүйелер арқылы мәліметтер уәкілетті органға тікелей жолданады. Алайда кейбір кәсіпорындар бұл талаптарды әлі де толық орындамай келеді. Мысалы, «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС-на мониторинг жүйесін орнатпағаны және жалған ақпарат ұсынғаны үшін әкімшілік жаза қолданылып, заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берілген. Ал «Шымкентцемент» ЖШС-да жүйенің істен шығуына байланысты талап бұзылғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тиісті шаралар қабылданған.

Жаз мезгілінде тұрғындардан түнгі уақыттарда жағымсыз иіс жайлы шағымдар жиі түсуде. Бұл мәселеге байланысты қала әкімдігімен бірлесіп арнайы жұмыс тобы құрылып, түнгі рейдтер ұйымдастырылуда. Әсіресе, ластаушы кәсіпорындардың көбі шоғырланған «Оңтүстік», «Тассай» және «Ордабасы» индустриялық аймақтарында бақылау күшейтілген.

Өзендердегі су сапасы да тұрақты бақылауда. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қошқар ата, Қарасу, Бадам, Сайрамсу өзендеріне және бірнеше каналдарға мониторинг жүргізіліп, соңғы нүктелерде ластаушы заттардың мөлшері артқаны анықталған. Бұл жағдайға кәріз жүйесіне қосылмаған жеке тұрғын үйлерден шығатын қалдық сулар мен өзен арналарының тығыз қоныстанған аумақтар арқылы өтуі кері әсерін тигізіп отыр.

Сонымен қатар, рұқсат етілмеген жерлерде пайда болған қоқыс үйінділерін анықтау және жою мақсатында ғарыштық түсірілімдер мен рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған. 2025 жылдың шілде айында жүргізілген түсірілімдер нәтижесінде қала аумағынан 46 заңсыз қоқыс орны анықталған. Бұл учаскелердің бірқатары зерделеніп, тиісті аудан әкімдіктері тарапынан тазарту жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, прокуратура органдарымен бірлескен тексерулер барысында тағы 35 заңсыз қоқыс орны тіркеліп, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Төрт аудан бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 117 960 теңгені құрады.

Баспасөз жиынында Сабыр Дастанұлы экология департаментінің алдағы уақытта да қоршаған ортаның жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп, табиғатты қорғау саласындағы заңнамалардың орындалуын қамтамасыз ететінін атап өтті. Сонымен бірге, қала тұрғындарынан келіп түсетін арыз-шағымдарға жедел әрекет ету жалғаса бермек.

«Шымкент келбеті»