Алматы қаласында New York Film Academy-мен (NYFA) бірлескен жаңа жоғары оқу орны ашылады, деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап
Бұл туралы бұрынғы мәдениет және спорт министрі, ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.
«1,5 жыл Нью Йорк кино академиясының филиалын Қазақстанда ашу үшін келіссөз жүргізілді. Өте қиын болды. Көптеген құжат жинадық. Бағдарлама дайын. Қазір Үкіметке арнайы хат жібердік. Енді Үкіметтің шешімімен Білім және ғылым министрлігінен лицензия алсақ жеткілікті»,– деді Арыстанбек Мұхамедиұлы You Tube-тағы Qasqa Jol арнасына берген сұхбатында.
Жаңа университеттің жұмысы NYFA мен Қазақ ғылыми-зерттеу институтының арасындағы келісімшарт негізінде жүргізіледі. Оқу орнының ғимараты Алматыда салынады, оған «Қазақ кино және TV академиясы» деген атау беріледі.
«Студенттер келіссөз бойынша 1,5 жыл Алматыда, 1,5 жыл АҚШ-та оқиды. Академияның Лос-Анджелесте, Нью-Йоркта, Майамиде филиалдары бар. Оқуды аяқтаған соң New York Film Academy дипломы беріледі», – деді экс-министр.
Оның пікірінше, бұл ЖОО ашылса, Қазақстанға АҚШ-тың ірі кинокомпаниялары келуі мүмкін.
«Елімізге шетелден студенттер келе бастайды. Себебі академияны Орта Азияда бірінші болып ашқалы жатырмыз. Оқытушылардың 90%-ы АҚШ-тан келеді»,– деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Айта кетейік, New York Film Academy АҚШ-тан бөлек, Франция, Италияда филиалдары бар.