ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс Шымкент қаласы тұрғындары және энергетика саласы өкілдерімен кездесу өткізді. “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС мекемесінде өткен басқосуда атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Бақытжан Нәссенұлы министрлік тарапынан газ инфрақұрылымын дамыту, электр және жылумен жабдықтау, халықты мұнай өнімдерімен және сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды баяндады. Оның мәлімдеуінше, 2025 жылдың 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Шымкент қаласында 1,8 млрд кВт сағат электр энергиясы өндірілді. Ал, тұтыну көлемі 6,9 млрд кВт сағатқа жетті.
Өңірдегі электр энергиясын таратумен “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС айналысады. Компанияның балансында бүгінде 23,2 мың шақырым электр желілері және шамамен 6,3 мың трансформаторлық қосалқы станция бар.
2025 жылы республикалық бюджеттен Шымкент қаласына электр және жылумен жабдықтау жобаларына 1,9 млрд теңге бөлінген. Аталған қаржыға инженерлік жүйелерді жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр.
Сондай-ақ, жиында газдандыру, жанар-жағармай материалдары қоры, сұйытылған мұнай газы туралы хабардар етілді.
Іс-шарада тұрғындар сұйытылған газбен қамту, электр және жел энергиясын дамытудағы жобалар жөнінде өз сауалдарын қойды. Бақытжан Ілияс бұл бағыттағы жобаларға жан-жақты тоқталып өтті.
Сондай-ақ, вице-министр “Оңтүстік Жарық Транзит” ЖШС мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен де танысты. Одан әрі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
«Шымкент келбеті»