ЭТНОС ӨКІЛДЕРІ АРАСЫНДА МӘНЕРЛЕП ОҚУ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
Қаладағы Достық үйінде Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне арналған «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты әлеуметтік желі арқылы мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаздарын марапаттау іс-шарасы өтті. Тағылымды жиын 5 қыркүйек – Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай ұйымдастырылды.
Шымкент қаласының этнос өкілдері арасындағы байқауға 50-ден астам жас қатысты. Қалалық Ішкі саясат және жкстар істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, “Жалын” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен байқау этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін асыруды мақсат еткен.
Қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Айгүл Әмзеева, “Жалын” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Керімбеков жиында байқаудың маңызы зор екенін атап өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.
Сонымен, 1 айға созылған мәнерлеп оқу байқауында № 135 жалпы орта мектебінің 7-сынып оқушылары Иристаев Хасан және Иристаев Хусан бас жүлдені жеңіп алды. Абай Құнанбаев атындағы жалпы орта мектептің 8-сынып оқушысы Біләлхан Бахтияров 1-орын, Д.И.Менделеев атындағы № 15 орта мектептің 5-сынып оқушысы Иван Устеменко 2-орынға иелік етті. Жеңімпаз және жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.
«Шымкент келбеті»