Шымкентте Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) және Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен ұйымдастырылған әйелдер арасындағы Гран-при сайысының екінші кезеңі аяқталды. Іс-шараның жабылу рәсіміне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов және тағы басқа ресми тұлғалар қатысты.
Сонымен, 29 қазан - 8 қараша аралығында өткен 2024-2025 Гран-при сайысының 2-ші кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Кезекті турнирде әлемнің 10 жоғары дәрежелі шахматшысы бақ сынады. Үздіктердің арасынан Александра Горячкина (FIDE, 2533) жеңімпаз атанса, әлемнің экс-чемпионы Тань Чжунъи (Қытай, 2551) екінші орынға иелік етті. Ал Қазақстан құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева қола жүлдегер атанды.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов аталған жарыс тек спорттық бәсекелестік қана емес, әйелдер шахматын дамыту, жаңа таланттарды ашу, өзара достық қарым-қатынас орнату алаңы болғанын атап өтті. Осы турнирдің жеңімпаздары болашақта биік белестерге жете беруіне тілектестігін жеткізді.
Қала әкімінің бірінші орынбасары, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті спортшыларды қаржылай сыйлықтармен марапаттап, алдағы бәсекелерде сәттілік тіледі.
«Шымкент келбеті»