Шымкентте ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған «Халық мұрасы – халық қазынасы» атты қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл шарада қазақ қолөнерінің сан алуан түрі, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен заманауи үлгіде әзірленген туындылар көпшілік назарына ұсынылды.
Көрмеге 60-тан астам отандық шебер қатысып, әрқайсысы өз қолтаңбасымен ерекшеленетін бұйымдарын әкелді. Солардың бірі – BOSAGA.KZ брендінің негізін қалаушы Гүлмира Молдиярқызы. Ол ағаштан түрлі сувенир жасауды алты жылдан бері кәсіпке айналдырып келеді. Шебердің айтуынша, ұлттық нақыштағы заттарға деген халықтың қызығушылығы жылдан-жылға артып отыр.
- Осы уақыт ішінде өте үлкен жетістіктерге жеттік. Заттардың көлемі де, дизайны да өзгерді. Ұлттық нақыштағы бұйымдарға сұраныс жоғары. Өнімдерімізді бүкіл Қазақстан бойынша таратамыз», – дейді ол.
Көрмеге келушілердің назарын ерекше аудартқан тағы бір шебер — ұлттық нақыштағы шапандар тігетін Жанар Ақбаева. Ол тігін ісіне мектеп кезінен ден қойып, бүгінде құрақ көрпе мен заманауи үлгідегі шапандарды тек қол еңбегімен дайындайды.
- Тігінмен 7-сыныптан бері айналысамын. Құрақ көрпе, шапан тігемін. Бүгінде еңбегіміздің жемісін көріп жүрміз. Барлығын өзім тігемін», – дейді Жанар Ақбаева.
Көрменің мазмұны мен мақсаты туралы Көрме орталығы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Азамат Айтбаев кеңірек ақпарат берді. Оның айтуынша, бұл шара ұлттық өнерді қолдау және шеберлердің еңбегін көпшілікке таныту үшін маңызды алаңға айналған.
«2014 жылдан бері бұл жәрмеңкені тұрақты түрде ұйымдастырып келеміз. Көрме орталығы ұлттық киім мен ұлттық өнердің барлық саласын дәріптеуді мақсат етеді. Биылғы шараға Түркістан, Тараз қалаларынан да кәсіпкерлер қатысып отыр», – деді ол.
Жәрмеңкеде құрақ көрпелер, ағаштан жасалған ұлттық сувенирлер, зергерлік әшекейлер, ұлттық музыкалық аспаптар және өзге де көптеген ерекше бұйымдар ұсынылды. Қала тұрғындары ұлттық мұраға деген құрметін көрсетіп, көз тартарлық заттарды тамашалап қана қоймай, төмен бағада сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған мұндай көрмелер қазақ қолөнерінің дамуына серпін беріп, шеберлердің еңбегін елге кеңінен танытуға жол ашады.
«Шымкент келбеті»