Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында елімізде халық санағы өтеді. Шымкентте халық санағын ұйымдастыру үшін арнайы комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Жиында аудан әкімдері мен басқарма басшыларының ұлттық халық санағына дайындық жұмыстары пысықталды. Бұл жолғы санақтың бұрынғыдан басты ерекшелігі – электронды форматта өткізіледі. Басқосуда ұлттық санақты жоғары деңгейде өткізу үшін дайындық жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды.
Комиссия отырысында Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ерназар Құлтаев ұлттық халық санағына дайындық барысы жөнінде баяндама жасады.
– Әуелі 1-30 маусым аралығында халық санағына дайындық кезеңі өтеді, яғни санақтың 1-кезеңі. Осы кезеңде халық саны мен мекенжайды нақтылау үшін тұрғын жайларды, тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) мен тұрғын емес үй-жайларды аралау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін 300-ге жуық санақ персоналын, оның ішінде 38 нұсқаушы-бақылаушы, 263 интервьюерді тарту қарастырылып отыр, - деді департамсен басшысы.
Бүгінде аудандарда ұлттық санаққа жәрдемдесу комиссиялары құрылып, жауапты мамандар бекітілген. Сонымен бірге эпидахуалға байланысты санақ жүргізетін персонал құрамына вакциналанған азаматтарды тарту көзделген.