Бүгін Шымкентте техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері арасында CHOCOLATINE KAZAKHSTAN-2025 халықаралық байқауы басталды. Байқау Түркістан облысы білім басқармасына қарасты Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжі базасында өтіп жатыр.
Іс-шара Жұмысшы мамандықтар жылын қолдау, жұмысшы кәсіптердің мәртебесін арттыру және оларды кеңінен дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған. Байқау Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжі мен Францияның COUPE DU MONDE DE LA CHOCOLATINE халықаралық қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық келісімі аясында өткізіліп, оны ұйымдастыруға Францияның Қазақстандағы Елшілігі де атсалысқан.
Халықаралық сайыстың басты мақсаты келесі жылы наурыз айында Францияның Тулуза қаласында өтетін Шоколатина және Pain au Chocolat бойынша Әлем чемпионатына қатысатын Орталық Азияның ең үздік үміткерін анықтауға арналған. Бұл өңірімізде кондитерлік өнерді дамытуға, шеберлердің кәсіби деңгейін көтеруге, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Орталық Азияның бай гастрономиялық мұрасын әлемге танытуға жол ашпақ.
Биылғы додаға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген жас және кәсіби кондитерлер қатысып жатыр. Жалпы 22 үміткер бақ сынаса, соның ішінде «Юниор» санатында 12 жас талант өз мүмкіндіктерін сынауда. Халықаралық деңгейдегі бұл байқау оңтүстік өңірін гастрономиялық шеберлердің білім мен тәжірибе алаңына айналдырып, жас мамандарға үлкен мүмкіндіктер есігін ашуға септігін тигізбек.
Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»