Бүгінгі таңда экономиканың барлық салаларында энергияны үнемдеу мен энергияның тиімділігін арттыруда энергетикалық, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешу маңызды болып табылады. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қалаға жылу энергиясын беру, бөлу және онымен жабдықтау қызметін көрсететін «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен бірлесе баспасөз турын өткізді. Республикалық маңызы бар қалада өткізілген бұл шараның мақсаты – инвестициялық бағдарламаның орындалу барысымен танысу. Сондай-ақ тұтынушыларға инвестициялық бағдарламаларға бөлінген қаражат туралы мәлімет беру. Инвестицияланған қаражат қандай оң нәтижелерге қол жеткізгенін айта отырып, оған көрсетілетін қызметтердің сапасына қалай әсер еткенінен хабардар ету.
«Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны Шымкент қаласының жылу жүйелеріне 100 пайыз қызмет көрсетеді және жылу энергиясын беруші және онымен жабдықтаушы мекеме болып табылады.
Қалада жылумен жабдықтау жүйесіне 2 306 көп қабатты тұрғын үй, 287 бюджеттік мекемелер, 248 заңды тұлғалар қосылған.
Шымкент қаласындағы жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы – 880,542 шақырымды құрайды. Осының ішінде «Қуатжылуорталық-3» мемлекетік коммуналдық кәсіпорнына тиесілі жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы – 823,842 шақырым. Оның 150 шақырымы магистралдық жылу желісі. Ал қалған – 673,842 шақырымы ішкі орамдық жылу желілері.
Инвестициялық бағдарлама ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің 13.08.2021 жылғы №88-НҚ және Шымкент қаласы әкімдігінің 27.08.2021 жылғы №89 бірлескен бұйрығымен жалпы сомасы 81 878,21 мың теңге 2022-2026 жылдар аралығына бекітілген болатын. Оның ішінде 2024 жылға 480 м. ауыстыру үшін 16,066 млн. теңге қарастырылған.
2024 жылы мемлекеттік сатып алу бойынша 480 м жылу желісі ауыстырылуға жоспарланған. Оған жоспар бойынша 16 066,83 мың теңгеге қаралып, 11 202,23 мың теңге жұмсалған. Үнемделген 4 864,6 мың теңгеге қосымша жылу желілірін ауыстыру қаралуда.
«Қуатжылуорталық-3» мекемесі директорының орынбасары Айдар Қалдыкөзовтің айтуынша, биыл жалпы 29 шақырым жылу құбырларына кезекті жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстардың 40 пайызы орындалды.
Инвестициялық бағдарламаны іске асыру барысында, жылу жүйелерінде ысыраптар азайған, нормативтен артық жылу ысыраптарын жойып, яғни, нормативты ысыраптарды 24,5 %-дан 24,4 %-ға төмендетеді, жылу желілеріндегі апаттардың санын 29,4 % азайтады, жылу энергиясын беру сапасын жақсартады деп күтілуде.
«Шымкент келбеті»