Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық штабтың отырысы өтті. ZOOM жүйесі арқылы ұйымдастырылған жиынға жауапты сала басшылары мен инвесторлар қатысты.
Отырысқа шетелдік және жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен жүзеге асырылатын 7 инвестициялық жобаның мәселесі қаралды.
Өзбекстандық инвестор Шымкентте құрамында компоненттері бар химиялық минералдық тыңайтқыштар өндіруді қолға алмақ. Жоба 2022-2023 жылдары жүзеге асса, 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. 350 млн теңгені құрайтын инвестициялық жоба жылына 15 мың тонна өнім өндіруді жоспарлап отыр.
Ауғандық инвестор медициналық бұйымдар өндіретін зауыт салмақ. «Жұлдыз» индустриалды аймағынан орын ұсынылып 2022-2024 жылдары жүзеге асыруды көздеп отыр. Қазір жұмысқа қажетті техникаларды сатып алу процесінде.
«Оңтүстік Ғимарат» құрылыс компаниясы» ЖШС-ның жетекшісі асфальт бетон және темірбетон бұйымдарын өндіру зауытын салу жөніндегі жобасымен таныстырды. 1 млрд теңгеден аса қаржы құйылатын инвестжоба аясында жылына 45 мың тонна асфальтбетон қоспасы, 55 мың текше метр тауарлық бетон өндірілмек. Инвесторға «Жұлдыз» ИА-нан жер ұсынып, инфрақұрылыммен қамту жөнінде шешім қабылданды.
Жиында бұдан бөлек, көп қабатты тұрғын үй, 1200 орындық мектеп-интернат салу жобалары талқыланды.
Қала әкімі шетелдік инвесторлармен бірлесе жұмыс жасауға дайын екенін айтып, индустриалды аймақтардан жер мен инфрақұрылым мәселесін, жеңілдетілген салықтық төлемдер бойынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жобаның жүзеге асырылуы барысында кездесетін мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.