Инвестициялық жобалар арқылы 208 жұмыс орны ашылады

Инвестициялық жобалар арқылы 208 жұмыс орны ашылады

Биыл Шымкентте 24 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы хабарлады. Басқарма мамандары «Оңтүстік» индустриялық аймағында биыл іске қосылатын жоспардағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.

Инвестициялық жобалардың бірі - «ЦветЛит» ЖШС. Бұл өндіріс арқылы алюминий катанкасын өндірудің өндірістік қуатын арттырып, алюминий қорытпаларын өндірудің жаңа желісі ашылады. Жобалық қуаттылығы жылына - 25 мың тонна. Ал, алюминий банкаларын шығаратын «QazAlPack» зауыты іске қосылса жылына 500 млн дана өнім өндіреді деп жоспарлануда. «Нұр-kz» ЖШС - түсті металл бұйымдарын құюға арналған шағын зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 3000 тонна бұйымдар шығару. «Ahmet Tas» ЖШС - сәндік сылақ, құрғақ құрылыс қоспалары өндірісі жылына 3100 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығаруға қауқарлы.

«Оңтүстік» индустриялық аймағында импорт алмастыру мақсатындағы бұл 4 инвестициялық жоба іске қосылса, биыл 208 жұмыс орнын ашылады деп күтілуде.