ІШКІ САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ – ЖАҢА ДӘУІРДІҢ САЯСИ ЖӘНЕ РУХАНИ БАҒДАРЫ

ІШКІ САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ – ЖАҢА ДӘУІРДІҢ САЯСИ ЖӘНЕ РУХАНИ БАҒДАРЫ

Соңғы жылдары «кеңес дәуірі – тұрақтылығы мен тазалығы басым, адамгершілік пен әділет үстемдік еткен кезең еді» дегендей күмәнділеу пікірді жиі естейтін болдық. Бұл жәй ғана жаңсақ тұжырым емес, белең алып кетсе, бара-бара ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін қауіпті ой екені анық. Жастық шағы өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарымен тұспа-тұс келген бүгінгі аға буынның санасында сондай бір романтикалық нарратив қалып қойғаны рас. Сірә, олар сол кезеңдегі қоғамды немесе әлеуметтік ортаны емес, өздерінің бойында күш-қуаты тасыған жастық шағын, Абайша айтқанда, «Көкірегі толы, басы бос, Қайғысыз, ойсыз мас күнін» сағынса керек. Әрі өздері сағынып қана қоймай, осы нарративті жастардың санасына да сіңіріп бағуда. Бірақ, «кеңестік кезеңде бәрі керемет еді» деген әңгіменің шылғи өтірік екені бесенеден белгілі ғой.

Әсілі, біздің қоғамдағы қылмыстық сана, сыбайлас жемқорлық, парақорлық, тамыр-таныстық, арызқойлық, маскүнемдік секілді көптеген рухани-әлеуметтік дерттердің түп-тамыры дәл сол кеңестік жүйенің тереңіне барып тіреледі. Яғни, мұның бәрі Қазақстан тәуелсіздік алған соң, нарықтық экономикаға көшіп, демократиялық институттар пайда болғаннан кейін туындаған жоқ, керісінше, сол кеңестік кезден басталып, жүйелі сипат алып, бүгінге дейін жалғасып, бәлкім үдеп келеді.

Қазіргі қоғамдық сана ала-құла. Бізде тек кешегі бодандықтың қамытын қайта аңсайтын, құлдық санадан арыла алмай жүргендер ғана емес, түрлі ойдың, әртүрлі идеялардың жетегінде кеткендер жеткілікті. Олардың арасында діни радикалдар да, әсіре ұлтшылдар да, космополиттер де, тағысын тағы топтар бар. Қала берді соңғы жылдары қазақ қоғамында моральдық релятивизмнің, шектен тыс индивидуализмнің көріне бастағанын байқаймыз. Бұлай әркім өз құндылықтарын абсолютті деп қабылдай берсе, уақыт өте келе ұлттық, қоғамдық құндылықтардың қадірі кетіп, адами мораль әлсіреп, азаматтық жауапкершілік жойылуы мүмкін.

Содан болар уақыт өткен сайын қоғамда жаңа идеологияға сұраныс айқын сезіле бастады. Баспасөзде, сарапшылық ортада, әлеуметтік желілерде осы тақырыпқа қатысты пікірталастар жиілеп отыр. Біз кімбіз? Қайдан шықтық? Қайда бара жатырмыз? Қандай болуымыз керек? Қазір біздің қоғам, міне, осындай түбегейлі сұрақтарға жауап іздеп шарқ ұрып келеді. Мұндай сұрақтар – қоғамдық ілгерілеудің, өзін-өзі тану мен жаңғырудың табиғи көрінісі. Бұл сұрақтардың жауабы әлгі топтардың арасында консенсус қалыптастырып, ала-құла қоғамдық сананы бір ізге түсіріп, мемлекеттік деңгейде жүргізілетін идеологияның өзегіне айналуы тиіс.

Иә, Тәуелсіздік жылдарында елімізде бірнеше мәрте кешенді идеологиялық саясатты қалыптастыруға талпыныс жасалды. Алайда, посткеңестік инерция, этнодемографиялық ерекшеліктер, аймақтық айырмашылықтар, идеология мен шынайы өмір арасындағы алшақтық секілді факторлар бұл үдерістердің толыққанды жүзеге асуына айтарлықтай кедергі келтірді. Осыған байланысты идеологияға қатысты біртұтас ұстанымның қалыптасуы ұдайы кешеуілдеп келді.

Міне, осындай жағдайда еліміздің ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары туралы жаңа тұжырымдаманың қабылдануы уақыт талабы ғана емес, сонымен бірге мемлекеттіліктің жаңа сапалық сатыға көтерілуіне бағытталған маңызды қадам болып отыр. Бұл құжат еліміздің ішкі даму логикасын айқындап, ұлттық болмыс пен заманауи мемлекеттіліктің үйлесімін табуға, алдағы сын-қатерлерді еңсеруге, ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарға жол ашуға ықпал етеді.

Сонымен біздің қоғамға не керек? Түйіндеп айтсақ, бізге екі-ақ нәрсе керек. Біріншіден, бізге адам сияқты өмір сүру керек. Екіншісі, қазақ болып қалу керек. Адамша өмір сүру үшін бізді ішкі-сыртқы қауіптерден қорғайтын қорғаныс, сот, құқық қорғау жүйесі, заманауи, білікті әрі қолжетімді медицина, бәсекеге қабілетті білім мен әлеуметтік қорғау жүйесі керек. Ал, қазақ болып қалу үшін ұлттық салт-дәстүр, төл мәдениет пен дәстүрлі мұсылмандық дінімізді сақтап, дәріптеп, оны ұрпағымыздың бойына сіңіруіміз керек.

Біз армандаған, біз мақсат еткен Әділетті Қазақстан, міне, осындай. Ал, оны орнату үшін ала-құла қоғамды ыдыратып алмай, түрлі топтардың бәрін бауырына басып (қалай десек те оның бәрі өз азаматтарымыз ғой), бір мақсатқа жұмылдыратын жаңа тұрпатты қоғамдық келісім қажет. Ол келісім қандай қағидаға негізделеді десеңіз, әрине, заң және тәртіпке негізделуі шарт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қарашада бекіткен «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты жаңа тұжырымдамалық құжат сол идеологиялық жұмыстың басты бағыттарын жүйелеп беріп отыр.

Тұжырымдаманың қабылдануын елдің қоғамдық-саяси дамуындағы маңызды кезеңнің бастауы десек болады. Бұл құжат мемлекеттің ішкі саяси жүйесін жаңа жағдайға бейімдеп, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Әлемде геосаяси тұрақсыздық, технологиялық серпіліс, әлеуметтік өзгерістер мен ақпараттық айқас шарықтап тұрған тұста Қазақстан үшін ішкі саясатты жүйелі түрде жаңғырту өте зәру іс. Себебі, онсыз елдің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету қиын. Сондықтан бұл тұжырымдама елімізді жаңа кезеңге бастайтын стратегиялық бағдар болмақ.

Осы тұжырымдама аясында жүргізілетін жұмыс мемлекет пен қоғам арасындағы өзара байланысты тиімді етіп, қоғамдық келісімді сақтау және елдің тұтастығын нығайтуға жол ашып, Қазақстанды тұрақты дамуға бастайды. Ішкі саясаттың негізгі мақсаты мемлекеттілікті нығайту, ел бірлігін сақтау және қоғамдық тұрақтылықты қорғау болса, осы тұжырымдама арқылы мемлекет «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асырудың нақты институционалдық және құндылықтық негізін қалады деп айта аламыз.

Тұжырымдаманы қоғамның барлық саласына бағытталған әмбебап бағдар десек, қателеспейтін сыңайлымыз. Ол мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірумен қатар, азаматтардың құқықтық мәдениетін, саяси белсенділігін және әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды көздейді. Бұл қоғам өмірінің барлық саласына әсер ететін кешенді саясат жүргізуге мүмкіндік береді.

Тұжырымдамада «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» секілді қағидаттар негізге алынған. Мұның бәрі елдегі өзекті саяси және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Мысалы, «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғамда әділдік пен заң үстемдігін орнату арқылы азаматтардың билікке деген сенімін арттырады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты билік пен халық арасындағы ашық диалогты күшейтеді, азаматтардың ұсыныс-пікірлерін шешім қабылдау процесіне тікелей енгізуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде бюрократияны азайтып, мемлекеттік басқару жүйесін нақты өмірмен жақындастырады.

«Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты қоғамдағы плюрализм мен пікір алуандығын мойындай отырып, ортақ мақсаттар төңірегінде ұлтты біріктіруге бағытталған. Ал, билік құрылымының жаңа моделін сипаттайтын «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы саяси жүйенің тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, әрбір институттың рөлін нақтылайды.

Біздіңше, әсіресе, «Адал азамат» қағидатының мәні тереңде жатыр. Ол жеке адамның рухани және моральдық қасиеттерін күшейтуді, адалдық пен еңбексүйгіштікті қоғамның басты құндылығы ретінде орнықтыруды мақсат етеді. Ал, «Таза Қазақстан» қағидаты экологиялық мәдениетті, табиғатты қорғауды және қоғамдық санадағы тазалық идеясын біріктіріп, ұлттың жаңа мінезін қалыптастыруға үндейді. Осы алты қағидат ел дамуының ортақ идеясын – Әділетті Қазақстан құру мұратын айқындайды. Әділетті Қазақстан – заң үстемдігі орнаған, азаматтарының тең мүмкіндігі бар, бәсекеге қабілетті және технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет бейнесі.

Тұжырымдаманың тағы бір өзекті қыры – жалпыұлттық құндылықтар жүйесін нақты айқындауы. Тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық – осының бәрі ел азаматтарының мінез-құлқы мен қоғамдық қатынастардың рухани өзегін құрайды. Бұл құндылықтар ұлттың тарихи тәжірибесі мен заманауи даму бағытын біріктіретін символдық көпір іспетті. Тәуелсіздік пен отаншылдық елді біріктіретін күш болса, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік – экономикалық табыстың, әділдік пен жауапкершілік – әлеуметтік тұрақтылықтың, ал жасампаздық пен жаңашылдық – болашақ өркендеудің негізі.

Тұжырымдамада қоғамды ұйыстыратын ұлттық нышандар да ерекше орын алады. «Алға, Қазақстан!» ұраны, көк пен алтын сары түстер, Абайдың «Қара сөздері», домбыра мен шаңырақ бейнелері – бұлар елдің мәдени және рухани кодын айқындайтын белгілер. Олар ұлттық бірегейлікті күшейтіп, патриотизм сезімін арттыруға бағытталған. Бұл бастамалар халықтың тарихи санасын жаңғырту мен ұлт ретіндегі тұтастығымызды сақтауға жол ашады.

Жаңа ішкі саясат тұжырымдамасы елдегі бірқатар жүйелі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Соның ішінде қоғам мен билік арасындағы сенім тапшылығын еңсеру, азаматтардың шешім қабылдау ісіне белсенді қатысуы, жастардың әлеуетін ашу, ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, деструктивті идеологияларға қарсы иммунитет қалыптастыру және этносаралық келісімді сақтау сияқты маңызды бағыттар қамтылған. Бұл құжат әлеуметтік әділеттілікке, заң үстемдігіне, ашықтық пен есеп берушілікке негізделген жаңа қоғамдық келісімнің іргетасын қалайды. Сонымен бірге, мәдени-гуманитарлық саясат арқылы қазақ тілі мен ұлттық мәдениетті дамытуға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шараларды қамтиды.

Тұжырымдаманы тиімді іске асыру елімізде елеулі нәтижелерге жеткізеді. Ең алдымен, қоғамда заң мен әділдік үстемдік құрып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары сенімді қорғалатын болады. Мемлекеттік органдардың ашықтығы артып, шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу деңгейі өседі. Ұлттық бірегейлік нығайып, елдің ішкі тұрақтылығы мен әлеуметтік келісімі беки түседі. Еңбекқорлық пен кәсібилік мәдениеті кең таралып, жастардың инновациялық және шығармашылық әлеуеті дамиды. Ақпараттық кеңістік тазарып, отандық БАҚ сапалы контент ұсынуға бағытталады. Нәтижесінде елде сенім мен жауапкершілікке негізделген жаңа қоғамдық қатынастар қалыптасады.

Жалпы алғанда, бұл тұжырымдама – Қазақстанның жаңа даму дәуіріне арналған саяси және рухани бағдар. Ол мемлекет пен қоғамның өзара әрекеттесуін жаңаша модельдеуге, ішкі тұрақтылықты сақтай отырып, экономикалық және әлеуметтік серпіліс жасауға бағытталған тарихи маңызы зор құжат. Тұжырымдаманың табысты жүзеге асуы – әрбір азаматтың белсенді ұстанымына, адал еңбегіне және ел тағдырына деген жауапкершілігіне тікелей байланысты. Әділетті Қазақстанды құру – тек биліктің емес, барша қазақстандықтардың ортақ миссиясы.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, “Шымкент келбеті”