Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел. Қайырымдылық пен қазақ егіз ұғым сияқты. Жақсылығын жарнамаламай, қоғам пайдасы үшін болашақтың мүддесіне еңбек етіп жүрген жандар аз емес. Осы орайда республикалық «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Забадам шағын ауданында «Мектепке жол» акциясы өтті.
Шымкент қаласының бас биі Толыбай Исақұлы бастаған билер аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата – анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына керекті жабдықтармен толтырылған 65 мектеп сөмкесін таратты.
– Тәрбие сапалы болу үшін балаға мектептің, ата-ананың, қоғамның жан-жақты қамқорлығы қажет. Бүгінгі тамшыдай ғана жақсылығымыз бір баланың болашағына жарқын жол сыйласа, біздің үмітіміздің ақталғаны. Мақсатымыз қыркүйекте барлық бала мектеп табалдырығын аттап, оқушылардың мектепке дайындалуына көмектесіп, оқу алдында қуаныш сыйлауға үлес қосу. Балалар – еліміздің болашағы. Осы шараны өткізіп, жан жылуын сыйлаған барлық ұйымдастырушыларға мың алғыс. Бәріңізге сәттілік тілеймін, – дейді ауданның бас биі Әріпжан Қалназаров.
Ал, мектеп құралдары толтырылған сөмкені алған ауыл тұрғындары да шара ұйымдастырушыларына дән риза.
«Шымкент келбеті»